Төлеби ауданында қарқынды баудың көлемі 160 гектарға ұлғайтылмақ

401
Төлеби ауданындағы "Қазығұрт бауы"

Төлеби ауданындағы «Қазығұрт бауы» шаруашылығының жоспарлары тың.

Төлеби ауданы Кемелқалған ауылдық округіндегі «Қазығұрт бауы» шаруашылығы базасында қарқынды баумен айналысуға ниет білдірген өңірдің шаруаларына арнайы семинар ұйымдастырылды. Шара барысында олар кәсіптің қыр – сырына қанықты.

138 гектарды алып жатқан тау бөктеріндегі бақтың дені жаңа отырғызылған көшет. Мұнда Төле би топырағына жерсіндірілген итальяндық алма сұрыптарының төрт түрі бар. Семинарға қатысушылар алманың күтіміне қатысты барлық агротехнологиялық әдістерді баудың басында үйренді.

Тамшылатып суғару әдісі суды үнемдеуге, ағаштардың тез жетілуіне пайдасы барын да жерлестеріміз түсінді. Кентаудың Қарнақ ауылынан келген Мырзахан Қауымбаев жүз рет естігенше, бір рет көргеннің артықшылығына тағы да көз жеткізді.

Мырзахан Қауымбаев, Кентаудағы Қарнақ ауылының шаруасы

Мырзахан Қауымбаев, Кентаудағы Қарнақ ауылының шаруасы: «Қарқынды баумен бізде айналысамыз. 10 га алма көшеттерін еккенбіз. Былтыр өнімді Кентау мен Түркістанда саттық. Жоспарымызда қызыл шие егу. Оны Өзбекстаннан алып келеміз. Өйткені  олар тек көшеттерді сатып қана қоймай, олар отырғызылған көшеттердің күтімін де үйретеді. Бағасы да арзан. Төлебидегі мына қарқынды бау да ұнап жатыр. Озық технологиялар пайдалануда, агрономдар да, жұмысшылар да көп еңбектенгені көрініп -ақ тұр, Алма  көшеттері гүлдеп, жайқалып тұр».

Төлеби ауданының табиғаты жемісті бақ үшін қолайлы екенін тәжірибелі кәсіпкерлер бірден байқады. Өнім пісіп, жетілгеннен кейін қоңыр салқында дәмін де, пішінін да жоғалтпайды. Алғашқы өнімді 3 жылдан кейін, гектарынан 10 тонна алса, 2025 жылдан бастап 100 тонна жинау межеленген. Болашақта баудың аумағы 350 гектар болады.

Әсет Қайыпбеков, кәсіпкер: «Мемлекет тарапынан қолдау бар, тек жалқауланбай еңбектену керек. Абай атамыз айтқандай «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Қиындықтар жоқ емес,  болады. Алайда олар  жұмысқа кедергі болмауы керек».

Келешекте «Қазығұрт бауы» шаруашылығы өнімді тереңдетіп өңдеуді де қолға алмақ. Өнімді шығынсыз пайдалану мақсатында мұздатқыштың құрылысы да ойластырылған. Қарқынды бау кәсібін дөңгелетуге ынталы жерлестеріміз мұнымен ұсақ шаруалар да айналыса алтынына көз жеткізді. Семинардың мақсаты да осы.

Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Өңір  басшысы тапсырма берді. Соны жұзеге асыру мақсатында қарқынды баудың көлемін ауданда  биыл 160 гектарға  ұлғайтпақпыз. Ауданның табиғаты ауыл шаруашылығына бейімделген. Сондықтан қарқынды баумен айналысамын деген жерлестеріміз жеткілікті. Жергілікті билік тарапынан оларға қолдау да, көмек те болады».

Төлеби ауданында агро саласында ірілі-ұсақты 3,5 мыңнан астам қожалық бар. 96 мың гектар ауыл шрауашылығы мақсатындағы жер алқабының басым бөлігі егістік жерлер.

Шынар Оразова