Шымкенттік полицейлер жұмысқа тұрғызамын деп алаяқтық жасаған күдіктіні Астана қаласынан ұстады. Әл Фараби полиция бөліміне Қазығұрт шағынауданының тұрғындары арызданған. Онда таныс адамы Астана қаласына құрылысқа жұмысқа орналастырып беремін деп ақшаларын алып, қашып кеткенін айтқан.
Әл Фараби полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті Астана қаласынан ұсталды. Ол Түркістан қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шыққан. Ұсталған жігіт жәбірленушілерді жұмысқа кіргіземін деп, әрқайсысынан 70 мың теңге алып, есепшотына аударуын сұраған. Тергеу барысында оның осындай 6 фактіге қатысы бары анықталды. Осылайша алаяқтық жолмен 500 мың теңге тапқан.
Аталған жайт негізінде қылмысты кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс тіркелді. Күдікті қамауда жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған орай полицейлер қала тұрғындарына жұмысқа орналастырамын немесе несие алып беремін деген басқа да алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін абай болуын ескертеді. Бейтаныс адамға сенім білдіре бермеңіз!
Ал егер осындай қылмыстың куәгері немесе құрбаны болсаныз, дер кезінде 102 нөміріне хабарласыңыз.