Құқық қорғау органдарының басшылары жастармен кездесті

441

Жастардың құқықтық сауатын ашу – кезек күттірмейтін мәселе. Осыны ескерген құзырлылар көшпелі жиын өткізіп, заңды түрлі өзгерістерді түсіндіріп жүр. Заң жобасын жастармен талқылағандар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудегі тың идеялармен танысты. Сондай-ақ, қылмысты процестің жаңа тәртібін түсіндірген шенділер студенттер мен ұстаздар қауымымен ашық әңгіме жүргізді. Бексұлтан Сапарбек – болашақ заңгер. ІІІ курс студенті барлық құқық қорғау органдары басшылары мен өкілдерінің басқосқан жиыннан түйерім көп дейді.

Бексұлтан Сапарбек: «Бүгінгі жиын біз секілді болашақ заңгерлер үшін аса қажет. Қазақстан заңнамаларындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы, заң нобайларын егжей-тегжей білеміз. Мен болашақта прокуратура саласында жұмыс істегім келеді. Заңдылықты қадағалап, елімнің өркендеуіне үлес қоссам деймін.» Болашақ заңгерлерді оқытып жатқан ұстаздар сот залдарынан практикалық сабақтар өтуге құмбыл. Тым болмағанда үлгілік фильмдер көрсетіп, тәжірбие арқылы берген білім сапалы болар еді дейді олар.

Әбілқасым Жорабеков, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Біздің есігіміз әрдайым жас мамандар мен болашақ заңгрелер үшін ашық. Проблема жоқ. Еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Бүгінгі үлкен буыннан үлгі алып, ізденем деген  жасқа қолдау көрсетуге дайынбыз.»

Қылмысты процестің жаңа тәртібі түсіндірілген жиында құзырлы орган өкілдеріне жиналғандар тарапынан қойылған сұрақ аз болмады. Жемқорлыққа қатысы бар қылмыстарда дәлелдер мен дәйектерді тіркеу тәртібі, қылмысты процесті жаңғырту негізінде пайда болған жаңа ұғымдар туралы да сөз болды.

Қылмысты процестік негіздерді жаңғырту халықаралық тәжірбиеге сүйене отырып жасалуда. Осылай дескен ұлттық бюро өкілдері мұндай басқосуларды жүйелі түрде өткізбек.