Қазақстанның Астана қаласы, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің жұмыс белсенділігін арттыру мақсатында пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің азаматтарды қабылдау, көшпелі кездесулер өткізу кестелері бекітілген. Кесте, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің memkyzmet.kz сайтында орналастырылды. Нәтижесінде азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін департаментке емес, әдеп жөніндегі кеңес мүшелеріне тікелей шағымдануға барлық жағдай жасалып отыр.
Таяуда пилоттық жобаны халыққа таныстыру үшін облысымыздағы әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Сарыағаш, Созақ аудандарына арнайы барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді. Кеңес мүшелері Ә. Досболов пен Азаматтық альянс қауымдастығының мүшесі А.Ахметов жеке қабылдау өткізіп, бірқатар іс-сапарға барған мемлекеттік қызметшілерге іс-сапар шығындары төленбегенін анықтаған.
Осы кемшіліктің негізінде облыстың барлық аудан, қала әкімі аппараттарында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан бері 1824 қызметшінің іс-сапар шығындары өз уақытында төленбегені анықталып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында А.Ахметовтың ұсынысымен аталған мәселе әдеп жөніндегі кеңестің отырысында талқыланып, тұрақты түрде мониторинг жүргізетіні жөнінде тиісті хат жолданды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі