Мемлекеттік нысандарға құрылыс материалдарын тасымалдайтын компаниялардың басшылары өз жұмысшыларын заңсыздыққа итермелейді. Осылайша жүргізушілер жол ережесін бұзып, тіпті құйтырқылықтарға да барады.
Бұл туралы арнайы рейд кезінде тәртіпсіздігі үшін тоқтатылған жалдамалы жұмысшылардың өздері айтып берді. Рейд ұйымдастырушылар тексеруді алдымен Шымкент-Ташкент тасжолында арлы-берлі ағылған көлік нөпірінен бастады. Мұнда жүретін көліктің 90 пайызы — жүк көліктері. Кейбірінің салмағы тиісті мөлшерден өсіп кетсе де жүйткіп жүр.
Көлік инспекторлары өңірдегі жүргізушілерінің 20 пайызы жалған техникалық байқау құжатымен жүретінін айтады. Осындай құжаттар жасаумен айналысатын компаниялардың қаптап кетуі де заңсыздықтарға жол ашады дейді.