Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу басталды

558

Оңтүстікте әскерге шақыру учаскелеріне жастарды тіркеу басталды. Дәл осы кезде мамандар биыл әскери борышын өтейтіндердің тізімін реттемек. Биыл облыс орталығынан және 4 ауданнан бес мыңнан астам жас тіркеуден өтуі тиіс.

Қаламызда әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жүргізіліп жатыр. Аталған тіркеу жұмыстары азаматтарды әскери есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында жүргізіледі. Жыл сайын 1 қаңтардан бастап 1 сәуірге дейінгі аралықта есепке тұрғызылып, сәуірде шақырту жіберіледі. Биыл қаламыздан 5171 жас әскери есепке алынады деген жоспар бар.

Әбдіғабит Шегебаев, Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы: «Шымкент қаласы әкімінің қаулысымен шақыру комиссиясы мүшелерімен тіркеу жүруде. 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында телімге тіркеу алып жатырмыз. Бүгіңгі таңға дейін 100 адамды алдық. Жалпы алатын санымыз 5171. Ол Шымкент қаласы бойынша және 4 ауданнан. Қаламыз үлкен. Осының бәрін бүгінгі таңда телімге алып отырмыз».

Қазір мектеп оқушылары есепке алынуда. Олар медициналық тексеруден өтіп, әскерге жарамдылықтарын анықтап жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары бір күнде жүз ер-азаматты қабылдайды.

Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заң негізінде 17 жасқа толған азамат әскерге шақыру учаскесіне тіркелуі тиіс. Ауыр науқасқа шалдыққандар, өз бетінше қимылдау мүмкіндігінен айырылғандар тиісті емдеу-сауықтыру мекемелерінен немесе дәрігерлік сараптама комиссиясының анықтамасын әкелген жағдайда әскерге шақыру учаскелеріне тіркелмейді. Сонымен қатар, бұл себептердің бәрі тиісті құжаттар арқылы нақтылануы тиіс.

Қасымхан Хамытбек