Мәжіліс депутаты тәртіп сақшыларымен кездесу өткізді

466

ОҚО ІІД-нің үлкен залында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Анар Нұралықызы Жайылғанова ОҚО ІІД-нің жеке құрамымен кездесті. Кездесуге ОҚО ІІД-нің бастығы полиция полковнигі Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков ашып беріп, облыстағы қылмыстық ахуалға қысқаша тоқталып кетті.

Сондай-ақ, кездесуге Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов қатысты. Кездесу барысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылға арналған Жолдауы талқыланды. Жолдауда еліміздің алдағы дамуының, әрбір жанұяның әл-ауқатының жақсаруы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері айқын белгіленгенін атап кетті. Сонымен қатар ол Конституцияда Президенттің Ішкі істер министрін тағайындау өкілеттігін қалдыруды ұсынғандардың бірі болғанын айтты.

«Конституцияның қазіргі редакциясы бойынша қорғаныс, ішкі істер, әділет және сыртқы істер министрлерін Президенттің өзі тағайындайды. Ал конституциялық өзгерістерге сәйкес, әділет және ішкі істер министрін алып тастап, тек сыртқы істер мен қорғаныс министрлерін қалдыру ұсынылып отыр. Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздік сияқты стратегиялық жұмысын ескере отырып, оны тағайындау мәселесін Президентке қалдыру қажет деп санаймыз. Неге? Себебі Президент Конституция бойынша Қазақстан Республикасы азаматтары қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Ал Ішкі істер министрі сол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – деді депутат Анар Жайылғанова.

Парламент депутаты Анар Жайылғанова жаңа заңға енгізілген өзгерістер бойынша ОҚО ІІД-нің жеке құрамы тарапынан қойылған сұрақтарына жауап берді. Кездесу қызу пікірталас күйінде өтті. Депутат ОҚО ІІД-нің Жедел жоспарлау орталығымен танысып, сондай-ақ, ОҚО ІІД-нің мұражайын аралады.

Кездесу соңында ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Анар Нұралықызы ОҚО ІІД-нің ұжымына және бастығы Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековке ерекше алғысын білдірді.