«Ең төмен жалақы, ең қымбат табиғи газ Оңтүстік өңірінде»

440

Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр. Бүгін бір тобы Қазығұрт ауданына барып, халықтың жағдайымен танысты. Алдымен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарды аралап, тыныс-тіршілігін шолып шықты.

Аудан халқының әлеуетінен хабар алып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын саралады. Сондай-ақ, аудандық саябаққа ағаш көшеттерін отырғызып, өз аттарынан егілген желектер қараусыз қалмауын тапсырды. «Ең төмен жалақы және ең қымбат табиғи газ Оңтүстік өңірінде», – дейді Уәлихан Қайназаров. Қымбат тарифтер жайлы жерлестерінен арыздар мәжілісменге жиі түседі екен. Бұл мәселені халық қалаулысы жоғары деңгейде көтеруге мәжбүр.

Өйткені көгілдір отынға қазіргі тарифтер қарапайым халықтың қалтасына ауыр салмақ қана емес ірі кәсіпкерлердің де бизнесін жүргізуге кері әсерін тигізуде. Бағаның шарықтауы жергілікті жерлердегі жағдайды ушықтыруы әбден мүмкін дейді мәжілісмен.

Мәжілісмен заң тұрғысында тағы бір өзекті мәселені көтермек. Ол облыс орталығына енген елдімекендердегі тұрғындардың мүліктерін заңдастыра алмай сабылуы. Халық қалаулысында бар ақпарат бойынша бүгінде 5 мыңға жуық үй иесінің мүлігіне құжаттары жоқ. Енді есептей беріңіз, қаншама азамат мүлік және жер салығын төлемеуде.

Депутаттардың мәлімдеуінше жаңа заңдардың шығуына осындай кездесулер түркі болады. Өйткені етене араласқанда ғана жағдаймен жіті танысасың.

Мәжілісмендер топ топқа бөлініп шаруашылықтармен танысуға бет алды. Қазығұрт ауданындағы газобетон блогі өндірісінде болды. Сонымен бірге, Шарбұлақ ауыл округіне қарасты «Сапа 2002» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2007 жылдан бері қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсірушілердің тыныс тіршілігін бағамдап көрді. Сондай-ақ, «Қайып ата» серіктестігінің шаруашылығын дамытуға қолданыстағы өңірлік бағдарлама септігін тигізгенімен танысты.

Шынар Оразова