Сал ауруына шалдыққан балаларды робот емдейді

1029

Шымкентте сал ауруына шалдыққан балаларды роботпен емдеу орталығы ашылды. Енді церебральді паралич диагнозымен туылған балалар ерте жасынан ем қабылдай алады. Бұл үшін Шымкентте екі бірдей оңалту орталықтары ашылды. Осының арқасында өңір дәрігерлеріне 14 жасқа дейінгі неврологиялық ауруға шалдыққан балаларды Астана қаласына жібермей-ақ Шымкентте емдеуге мүмкіндік туып отыр.

Феруза Абдикаримованың баласы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Церебральді паралич диагнозымен туылған балақай тұрақты түрде ем қабылдап тұруы қажет. Науқас баласын емдеу үшін Феруза бұған дейін Астана қаласындағы медициналық орталыққа баратын. Жас ана енді алысқа сабылмайтын болды. Оған қуанып отыр.

Неврологиялық ауруға шалдыққан балаларды емдейтін орталықтың алғашқысында үш жасқа дейінгі балалар ата-анасымен жатып ем қабылдай алады. Мұнда Монтесорри бағдарламасы, дефектолог, невролог және түрлі ем терапиялары жасалады. Ең бастысы тірек-қимылы бұзылған балалардың аяқ қолын уқалап, жүру қабілетін арттыруға қажетті жабдықтар мұнда толық. ОҚО бойынша 3 мыңға жуық бала сал ауруымен есепте тұрады. Олардың әрқайсысы жылына бір рет осы оңалту орталығында бір рет ем қабылдауы тиіс.

Ал, екінші орталықта үш жастан он бес жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетіледі. Бір емдік курсы – он сегіз күн. Мұнда жату үшін науқас балалар портал арқылы қабылданады. Орталықтың неврологиялық ауруларды емдеуде мүмкіндігі зор. Әсіресе робот құрылғысы баланың тез оңалуына көмектеседі.

Айта кетейік, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу орталығы өңірлерде бірінші болып оңтүстікте ашылды. Бұған дейін Астанада тек республикалық орталық қана бар еді.

Лаура Нақыпқызы