Шымкентке 30 жаңа автобус әкелінді

557

Алдын ала уәде етілгендей Шымкентке 30 дана жаңа автобустар жеткізілді. Енді қалада жаңа автобустар жүйіткитін күн де алыс емес. Әзірге су жаңа автобустар қала орталығында қызмет етпек. Қала сыртындағы шағын аудандардағы бағыттарға бұрынғы қолданыста болған автобустар шығарылады. «Шымкент Bus» компаниясының автобустары Шымкент қаласының логотипі қызғалдақпен безендірілген.

Қалаға қосылған елді-мекендерге жасыл түске боялған автобустар бағытқа шығады. 10 бағыт бойынша. Бұл автобустар жағар май пайдаланады. Өндіруші зауыт автобустарға екі жыл кепілдік беріп отыр. Сондықтан да осы уақыт аралығында техникалық қызмет көрсетуге шетелдік мамандар тартылатын болады.

Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев: «Қалаға жағын ауылдарға әлеуметтік бағыттар қажет. Жеке тасымалдаушылар шығындарын өтей алмайды. Осы себепті біз 10 әлеуметтік бағытты белгіледік. Бұл бағыттар бойынша жұмысқа бюджеттен субсидия бөлінеді. Біз қазір орталықта жүрген автобустарды осы бағыттарға жөнелтеміз де, жаңа көліктер қаланың орталығында жұмыс істейді»,- деді.

Бұл қалалық әкімдік уәде еткен 100 автобустың алғашқы партиясы. Ал қалған 70 автобус қаңтар айының соңына дейін жеткізілмек.