Шымкентке жаңа автобустар әкелінбек

585

Бүгін белгілі болғанындай, Шымкент қаласына жақын күндері жаңа 30 автобус әкелінеді. Бұл туралы «Green Bus Company» ЖШС-нің басшылығы мәлімдеді. Айтуынша, бұл өткен жылы жоспарланған 100 автобустың алғашқылары. Бүгінгі таңда бұл автобустар Қытай- Қазақстан шекарасында кедендік рәсімдеуден өтіп жатыр.

Естеріңізге салар болсақ, осыдан үш жыл бұрын «Green Bus Company» компаниясы 200 автобус әкелген болатын. Сол көліктермен бүгінде қала көшелерінде жолаушыларға қызмет көрсетіліп жатыр. Жаңа автобустар халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын көтеріп, бұл бағыттардағы жұмыстарға оң серпін береді деген сенім бар.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының көшелеріне шығатын 1090 автобустың 161-і «Green Bus Company» ЖШС-нің көліктері. Бұл мекеме қаламыздағы ең ірі және барлық талаптарға сай келеді деген жалғыз көлік компаниясы. 9 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Десе де, қала әкімі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бұл компанияның да кемшіліктері жеткілікті. Үш жыл бұрын Қытайдан әкелінген автобустарға жүйелі техникалық қызмет көрсететін сервистері жоқ. Сол себепті талай көлік бұзылып, бағытқа шықпайды, ал бағытта жүргендері міндеттерін аяғына дейін атқармайды деді .

Нұрлан Сауранбаев, қала әкімі: «40 автобус бұзылады, ал 40 автобус бағытты тастап қайтып кетеді. Ең жақсы деген компания осы болса өзгесіне не дейсіз».

Жалпы, Шымкент қаласында жолаушы тасымалдау рыногында 1 696 автобус және шағын автобустар бар. Өкінішке қарай, соның басым бөлігі 10-15 жыл қызмет көрсетіп, ескіріп, тозығы жеткен көліктер. Жаңа деп есептелетін 260-ы осыдан үш жыл бұрын әкелінген. Жақын күндері 30-ға тарта жаңа автобус әкелуді жоспарлап отырған «Green Bus Company» ЖШС-нің мамандары жаңа автобус алу шымкентік көлік компаниялары үшін оңай шаруа емес дейді. 2017 жылы Шымкент қаласына жаңа 14-ақ автобус әкелінген, ал жоспар 135 автобус әкелу болатын.

Осы саланы зерделеген қала әкімі Нұрлан Сауранбаев көлік компанияларымен жасалатын келісімшарттарды жеңілдету қажет деп отыр. Себебі, қалада автобустарын жаңартқысы келген көлік компанияларына банктерден берілетін несиенің пайызы тым жоғары, ал автобус бағалары қымбат. Жасыратындығы жоқ, Шымшаһардағы былыққа батқан көлік саласын оңтайландыруды бұған дейін де талай әкім қолға алды, бірақ нәтиже болмады. Енді Нұрлан Ермекұлының бастамасы қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

Нұрлан Күдерұлы