Депутаттармен кездескен күн

558

Парламент мәжілісі депутаттары Уәлихан Қайназаров пен Майра Айсина облыстық жастар ресурстық орталығында жастармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Оңтүстік өңірімен жіті таныс Уәлихан Қайназаровтың сөзінше, 2017 жылы оңтүстікте 118 мың жас шаңырақ көтерген. Бірақ 48 мың жас жұп ажырасқан. Ол мұның бәрін де тәрбиеге келіп тіреді.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімі қызықты өтті. Жастар әдеттегідей мақтау, мадақтау айтпады. «Баланы далаға тас-тап , ата-анасын қариялар үйіне өткізіп жатқан жастарға заң жүзінде жаза бар ма?», – деп сұрақты төтесінен қойды. Бұл сұраққа Уалихан Қайназаров жауап берді.

«Бұл аталғандар – қылмыстың ең ауыр түрі. Өкінішке қарай, бізде заңда олар үшін жаза көзделмеген. Қазір осы мәселелер айтылып жүр, мен өзім жаза қолдану керек дегенді қоштаймын. Жалпы қазақ – жетімін жылатпаған, әке-шешесін тентіретпеген халық . Тіпті, Шыңғысханның «Ясасында» да ата-анасына дұрыс күтім жасамағандар өлім жазасына кесілген», – деді.

Қазақ тілінің жайы да ортаға салынды. Жол-көлік колледжінің студенті Майра депутат Айсинаға «Қазақ тіліне неге басымдылық берілмейді, көбіне маңызды кездесулер, құжаттар орыс тілінде жүргізіледі?», -деген сауал тастады.

Інішек, бұл айтқаның дұрыс. Бізге де шет елден келген қонақтар «Неге орысша сайрайсыңдар, өз тілдерің жоқ па?», -деп бетімізге басқан кездері болды. Бұл жағдайды жүрген жерімізде ескеріп, қазақшаландыруға тырысып жүрміз. Бірақ бұл бір адамның емес, көпшіліктің атсалысуымен шешіледі,-дей келе, қазақылықтың қаймағы сақталған оңтүстік орысшаланып кетіпті деп өкпесін айтып қалды.

Бірнеше сағатқа созылған жүздесуде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында жастарға қатысты айтылған тұстарын талқылады. Халық қалаулылары Жолдауда айтылған міндеттердің басым бөлігі оңтүстік жастарына жүктелетінін айырықша атап өтіп, сенімдерін білдіріп тарасты.

Әлия Әділбек