Екі ел бауырластығын дәріптеген кеш

546

2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы. Биыл екі ел бауырластығын көрсететін шаралар көптеп ұйымдастырылады. Игі істердің ұйытқысына айналған оңтүстікте өзбек ұлттық мәдениетіне қатысты сан алуан кештер басталып та кетті. Облыстық жасөспірімдер кітапханасында өзбек драма театрының еңбек сіңірген әртісі Адылжан Тоғанбаевпен кездесу өтті. Белгілі әртіспен кездесуге келгендердің бәрі дерлік – жеткіншектер.

Адылжан Тоғанбаев халық арасында Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» шығармасының желісімен сахналанған драмадағы Сәбит рөлімен танымал. Ол театр ашылған сәттен бері, дәлірегі 2003 жылдан бастап еңбек етеді. Осы кезге дейін 60-қа жуық спектакльде ойнаған актер өзіне драма, трагедия жанрының жақын екенін айтады. Кітапхананың жас оқырмандарына өз өмірінен сыр шерткен әртіс оларды кітаппен дос болуға шақырды. Сондай-ақ, жастардың қалауымен әріптесімен бірге «Қасқыр ұлыған түн» драмасынан үзінді ойнап берді.

Адылжан Тоғанбаев, облыстық өзбек драма театрының әртісі: «Мен еліміздің болашағы жатармен кездесуден ерекше бір әсер алдым. Олар шынайы. Қойған сұрақтары, саған қарағаны бәрі шынайы. Мен балаларға кітап оқып, театрға үнемі барып тұру қажеттігін айттым. Кітап оқымай адам рухани азық ала алмайды. Сондықтан қазір әлеуметтік желі дамып жатса да мен жасарға кітаппен дос болу керектігін айттым. Ал, театр адам баласын тәрбиелейтін орта, мәдениеттің ортасы. Сондықтан театрға да құштар болуларын тіледім. Кездесуге өнерге жақын жастар келіпті. Бұл мені қуантты».

Өзбек драма театрының маңдайалды мақтанышы Адылжан Тоғанбаев жастармен кездесуден ерекше әсер алған. Жас толқынмен қосыла ән айтып, би биледі. Ал жастар жағы да қарап қалған жоқ. Олар да өз өнерлерін ортаға салып, белгілі ақындардың өлеңін жатқа оқыды. Жастар облыстық Жасөспірімдер кітапханасына жиі келетіндерін де алға тартты. Айтуларынша кітапхана кештерінде кездескісі келетін тұлғаларды жолықтыра алады. Оларға ойындағы сауалдарын жолдап еркін әңгімелеседі.

Мәдени кештің мақсаты жастарға екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынасты насихаттау. Оны еселендіруге өз үлестерін қосу керегі де айтылды. Сондай-ақ, қазақ шаңырағының астында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне құрмет білдіріп, береке-бірлікте болуға баулу еді.