Өзбек театры «Қасқыр ұлыған түн» драмасын сахналады

564
Өзбек театры

«Қасқыр ұлыған түн». Белгілі жазушы Сәбит Досановтың романы желісімен жазылған спектакль облыстық өзбек драма театрының сахнасында қойылды. Жазушының басынан өткен ең ауыр кезеңді бейнелейтін туындыны театр әртістері шебер сомдады.

Драманың оқиға желісі залға жиналған көрерменді бірден баурап алды. 21 жастағы Даниярдың мейірімділігі, ақыл-парасаты, елгезек ерекше мінезі елді сүйсіндіріп, сахнаға телміртіп қойды. Көрермен пъесаны көре отырып, жас жігітттің елден ерек жаратылған жан екенін таныды.

Спектакль әрі қарай Даниярдың ғашық болып, үйлену тойына дайындалуымен өрбиді. Мұнда ұлының тойын ұлан-асыр етіп өткізбек болған ата-ананың қобалжуы, дос-жарандарының қоғадай жапырылып көмекке келуі, туыс-туғандарының ерекше толқынысы көрсетілді.

Осылайша ойнап-күліп жүрген Даниярдан жұртшылық дәл тойы болатын күні айрылып қалады. Тағдырдың жазмышы ма екен?! Қас-қағым сәтте болған жағдай ата-анасын есеңгіретіп жібереді. Перзентімнің қуанышында қапияда ұлымнан айырылып қалдым деген жазушы романды бір адамның трагедиясы арқалы бүкіл адамзаттың трагедиясын көрсету үшін жазғанын айтады. Сондай-ақ романды «Қасқыр ұлыған түн» деп атауының себебін де түсіндірді.

Драманы өзбек драма театрының репертуарына арнап өзбек тіліне аударған жазушы, журналист Мехменқул Исламқұлов та премьераға келді. Ол қазақ жазушысының шығармасындағы шұрайлы қазақ тілінің мағынасын сақтай отырып тәржімалаудың аздап қиындық тудырғанын да айтты.

«Қасқыр ұлыған түн» драмасының басты ерекшілігі сонда, жазушы тек қайғы-қасіретті жазумен шектелмейді. Мұнда трагедиядан бөлек лирика мен поэзия, проза мен ұшқыр қиял қосыла шебер өрілген. Жазушы бастан кешкендерін суреттей отырып қасиетті қара сөзбен де, ғажайып лирика тілімен де тебіренеді.

Жанерке Хұмар