Өзбек драма театрына – 15 жыл

571

Биыл Шымкент қалалық өзбек драма театрының құрылғанына – 15 жыл. Өнер ордасының ұжымы бұл атаулы күнді ерекше атап өтті. Театрдың қуанышына ортақтасып, қала жұртшылығынан бөлек, еліміздің белді өнер майталмандары мен көршілес мемлекеттердің театр жұлдыздары келді.

Отандық өнер мен мәдениет әлемінде дүбірлі той. Театрдың әрбір қойлымын тағатсыздана күтетін өнер сүйер қауым бұл айтулы датаны да қалт жібермеді. Лық толы залдың ішінде Қазақстанның Халық әртістері де бар.

Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның Халық әртісі:
«Қазақстанда 56 театр бар. Сол театрлардың атынан өзбек драма театрының 15 жылдығымен құттықтауға келдім. Құтты болсын!».

Ықылыс пен сый-құрметке толы кешке көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан мәдениет саласының өкілдері келген. Олар да театрдың өнер әлеміне қосып келе жатқан сүбелі үлесін атап өтіп, ары қарай өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.

Фатхулла Масудов, Өзбекстан академиялық драма театрының директоры: «Бүгін екі ел арасындағы сыйластықтың артқаны айырықша көрінген күн! Қазақстан азаматтары қонақжайлылығын танытып жатыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе! Театр дегеніміз шынайы өмірден алынған оқиғаларды сахналайтын халықтың айнасы іспеттес қой».

Набиджан Манаджанов, Қырғызстан Бабур атындағы өзбек драма театрының директоры: «Қазақстан Республикасында өзбек театры бар екені қуантады. Қуантып қана қоймай, өзбек, қырғыз, Қарақалпақстан және Қазақстан сынды елдер арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына алып келіп жатқанына риза боламын. Бұл театрға деген ықыласым ерекше. Жас та болса, көрерменнің көңілінен орын алып үлгерген. Алдағы уақытта да жұртшылыққа ой салатын топтамаларының туындауына тілектеспін».

Өзбек драма театры сахнасында 15 жылда 80-ге жуық қойылым сахналанған. Осы күнге дейін репертуар қоры комедия, драма жанрлары мен балаларға арналған шығармалармен толығып үлгеріпті. Өнер ошағының қызметкерлері «үнемі ізденісте жүреміз, сол себепті көрерменнің жүрегінен ерекше орын алған қойылымдарымыз да жетерлік» дейді.

15-жылдық мерейтойда патша көңілді көрерменге арнап, театр әртістері сазды-әуендік қойылымдарын ұсынды. Сондай-ақ, бұл күні өнер ұжымына жан-жақтан толассыз құттықтаулар келіп, өнер руханият саласына қосқан үлестері үшін алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.

Айя Мүтәлі