Шардара су қоймасынан келер қауіп жоқ

1153

Су тасудың алды алынған. «Арнасай» бөгетіндегі гидротехникалық құрылымдар кешені жаңаланып, бүгінде қалыпты жағдайда жұмыс атқаруда. Нысанды қайта салуға көрші Өзбекстан арасындағы шекараны белгілеу себеп болыпты. Арнасай бөгетіндегі жөндеу жұмыстары Үкімет тікелей тапсырмасымен жүргізілген.

Шардара су қоймасындағы судың беті мұз. Жағалаудан көрініс керемет, күн сәулесімен шағылысқан көкжиекке дейінгі көк айдын. Әзірге мұнда су жаңа салынған бөгетке де жетпеген. Көктемде тасқын судың қорын жинау мақсатымен бекітілген тоған берік. Алдын жобалық құны 15 млрдтан астам қаржы жоспарланған нысанның құрылысына 12 млрд 718 млн теңге жұмсалған. Басты құжатқа 2011-2013 жылдары түзетулер де енгізіліпті. Арнасай бөгетінің солтүстік жағалауындағы бекітілген аумағы 16 шақырымды құрайды .

Құрылыстың бас мердігері «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі, жобаны жасаған «Таң-1» серіктестігі. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара аумағы айқындалып, қорғау шараларын есептегенде оң жағалаудағы бөгеттің ұзындығы 6,6 шақырымды құрап отыр. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр. Стратегиялық маңызды нысанның жұмысын қамту міндеті «Қазсушар» өңірлік филиалы мамандарына жүктелген.

Көктемгі су тасқыны болған жағдайда жол бойында тас және темір тордан жасалған жер дамбасы да қарастырылған. Олардың құрылысына 8 млрд.-тан астам қаржы жұмсалған. Ауқымды құрылыстың арқасында бүгінде аграрлы өңірлер судан тапшылық көрмейді және Шардара су қоймасы төңірегіндегі елдімекендерді су басу қауіпі жоқ.

Шынар Оразова