Жайылымды қашан кәдеге жаратамыз?

852

Елімізде жайылым жердің дені тиімді пайдаланылмайды. Нақтырағы, 188 млн гектар мал бағуға қолайлы алқаптың тек 80 млн гектары, яғни, 43 пайызы ғана кәдеге жаратылып жатыр. Оның 27 млн гектары мүлдем жарамсыз болып қалған. Халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етудің мүмкіндігі – мал шаруашылығын дамыту. Қазақстанның бұл тұрғыдағы мүмкіндігі жоғары дегенді айтудан жалықпаймыз. Расында, еліміз ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге қажетті табиғи ресурстардың ауқымы жағынан әлемнің көптеген елінен озық тұр.

Тек жайылым жердің көлемі жөнінен алдыңғы ондыққа кіреміз. Басқасын айтпағанда, жайылым алқаптарының жеткілікті болуы мал шаруашылығының жоғары табыстылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпалсыз емес. Келесі сандар да біраз тұсты анықтап береді. Жер ресурстарының 80 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды жер. Оның 70 пайызы жайылым алқаптары екен.

Бұл – мал басына шаққанда 20 гектар жайылым жер бар деген сөз. Өкінішке қарай, осы бай ресурсты тиімді пайдалана білмейміз. Соңғылардың сапындамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жылына орташа есеппен 11 млн бас мал жайылымға шығарылады. Мал басына тәуліктік азығы 35 килограмды құраса, жайылым уақыты 180 күнге тең болған жағдайда, әрқайсысына 6,3 тонна азық керек.

Алайда, қазіргі айқындалған көрсеткіштер бойынша бұл өлшем 4,6 тоннадан аспайды. Мал басына шаққандағы шөп азығының тапшылығы 30 пайыздан асып жығылады. Осының салдарынан еліміздегі мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі жылдан жылға азайып барады. Мәселен, ірі қараның орташа салмағы 300 келіге әзер жетеді. Бұл АҚШ пен Канададағы көрсеткіштен 2 есеге төмен екен. Мамандардың айтуынша, мұның негізгі себебі: біздегі бар төрт түлік малдың басым бөлігі ауыл маңына жақын аумақтарда шоғырлануынан болып отыр.

Қазіргі таңда мал басының 70 пайыздан астамы – осы ауыл тұрғындарының меншігі. Жалпы саны 18 миллионнан астам жеке иеліктегі және шаруа қожалықтарының малы елдімекендер аумағында жайылады. Ауыл маңындағы жердің тозып, тақырға айналып кетуі де осының салдары. Бұл аз дегендей, елдімекендердегі жайылымдық пен егістік алқаптардың дені жекелеген адамдардың меншігінде.Ауылдағы малы бардың жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Бұл да жайылымдық жерлердің тиімсіз пайдаланылуына үлкен себеп. Түйіндер болсақ, бізде жайылым жерді шалғайдағы жайылымдар есебінен кеңейту назардан тыс қалған.

Қазіргі таңда олардың небәрі 15-20 пайызы ғана кәдеге жаратылуда. Әлемде мұндай алқаптарды жел станциялары, күн батареялары секілді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жолға қойылған. Ал біз оны әлі қарастырмадық. Тек жоспарлап жатырмыз. Жайылым аумақтарын суландырып, игеру қажеттігі әлдеқашан туындаған. Бірақ, нақты тірлік аз. Мәселен, 188 млн га жайылым тек қана су көздерінің болмауынан пайдаланылмай келеді. Табиғи су көздері республикадағы жайылымдық жерлердің тек 40 пайызында ғана бар. Қалғанына жер астындағы суды көтеру үшін инженерлік қондырғылар орнату қажет.

Оңтүстікте жайылым жер жетіспейді

Аграрлы өңірдің шаруаларына 11 млн гектар жер керек. Біздегі бары 9 млн гектарға да жетпейді. Нақтырақ айтсақ, 8 миллион 900 мың гектарды құрайды. Осы алқаптың тең жартысы су көздерімен қамтылмаған. Сондықтан, біразы бос жатыр. Бұл олқылықты түзету үшін ауыл шаруашылығы басқармасы жыл сайын жүздеген құдықтар қазуды жоспарлайды.

Мұнымен айналысатын бірнеше мердігермен келісімшарт та түзілген. – Әр құдықты қазуға 4 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Егер бұған жайылым жердің иелері қызығушылық танытса, мемлекет көмектесуге әзір, – дейді басқармадағылар. Былтыр жүзден астам шаруа қожалығы тапсырыс беріп, өз жерін сумен қамтыған.

Жайылым жерін қорғай алмай отырғандар да бар

Шымкенттің іргесіндегі Мәртөбе ауылының диқандары төрт түлікті қарауылдап, шаруасына кірісе алмай жүр. Ауылдағы шаруалар үйір жылқыдан жайқалып тұрған егістіктерін қысы-жазы қоруылдап жүруге мәжбүр. Әбден зәрезап болғандықтан егін салуға құлықсыз. Себебі, жылда егін егеді, бірақ төккен тер ақталмайды. Мал басып, жайпап кетеді. Айдын Азизов төрағалық ететін шаруа қожалығы биыл да тәуекелге бел буып отыр. Бала-шағасын бағуы керек. Басқа амалы жоқ. 250 гектарға бидай, мақсары дақылдарын еккен ол көктем шықпай жатып, көршілес елдімекендерден ағылған малмен күресіп әлек. Бұрын Сайрам ауданының аумағында болған Мәртөбе елдімекені бүгінде Шымкент қаласының Қаратау ауданына өткен. Сондықтан, мәселе аудан әкімдігінің алдында талай көтерілді. Ауыл биі Оразәлі Кенжебеков жайылым жер болмағандықтан егістікті жайпайтын малға, оның иелеріне шара көру керектігін аудан әкімінің есептік жиынында да айтты.

Аудан әкімі өз жауабын: «Ол проблеманы білеміз. Сізге жауабы беріледі!» деп қысқа қайырды. Хабарласқан тілшілерге Ғабит Мәуленқұлов: «Шаруа қожалықтарының жеріне қатысты мәселелерді Жер қатынастары бөлімінен анықтағандарыңыз дұрыс және ауыл биінің жеке қызығушылығы бар бұл арада», – деп сұқбат берудің реті жоқтығын айтты. Ең қызығы, әкім мәселені шешу өз құзіретіне кірмейтініне сенімді.

Ауыл биін тыңдасақ, Қаратау ауданына қарасты 700 гектарды алып жатқан бұл егістікте жүздеген тұрғынның үлесі бар. Соңғы 3-4 жылда мәселенің күрделенгені соншалық, олар өздеріне тиесілі нәпақаларынан қағылып келеді. Мұның бәрі учаскелік полицейге жазылған арыз-шағымдарда бірнеше рет келтірілген. Проблема турасында аудандық полиция бөліміне де арыз-шағым түсіріліпті. Олар жыл бұрын мал иелерін анықтап, түсіндіру жұмыстарының жүргізілетініне сендіргенмен, іс жүзінде өзгеріс жоқ.

Тіпті өтініш иесіне «қылмыстық құрамы болмауына және Азаматтық іс түрінде сотта қаралуына байланысты ПБ-і кезекшіліктен тыс қалдырылуын сұранған» баянат жолдаған. Соңғы нүктені сот қоюы тиіс. Осы орайда, тәртіп сақшылары Заңды тағы бір қарап шыққаны дұрыс сияқты. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 147-бабында:

«Егістік, маяларды таптау, ауылшаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіру немесе жою, екпелерді зақымдау – жеке тұлғаларға – 20, лауазымды адамдарға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп анық жазылған. Бұл баптың орындалуы Ішкі істер органдарына (полицияға) жүктелген. Осылай әр тарап өз міндеттемелерін анықтап жүргенде уақыт өтіп барады…

Жер кодексінде жайылым мәселелері бірқатар нормалар бойынша жанама түрде ғана қамтылған. Басқа елде жайылым жердің жайы ежелден жеке заңмен шешіліп келеді. Бұл істі ары қарай жылжыту үшін Үкімет басындағылар нақты қорытындысын тезірек беруі қажет.

Зәуре ОРАЛБАЕВА