«Жедел жәрдем» неге жедел жетпейді?

1083

Жедел жәрдем неге кешігеді? Жедел қоңырауды қабылдайтын диспетчерлер неге көп сұрақ қояды? Бұл жедел жәрдем қызметіне көңілі толмайтын шымкенттіктердің шағымы. Шындығы қайсы? Сала жаңа жылдан бастап, жаңа қызмет көрсету түріне көшсе де көшке ілесе алмай жатқаны рас па?

Қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының диспетчерлеріне тәулігіне 2 мыңнан астам шақырту түседі. Кезекшілер қоңырау шалғандар науқастың ауру белгілерін нақты айтып, мекен жайын дұрыс түсіндірсе, тиісті жәрдем жедел жетеді дейді.

Үшінші мегаполис тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Ал станциядағы көлік саны, тәулігіне келіп түсетін қоңырауға үлгере алмайды. Сондықтан да оперативтік бөліміндегілер күндіз түсетін шақыртулардың басым бөлігін учаскелік дәрігерлерге қаралуға кеңес береді.

Гүлбану Жапбар, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының бөлім меңгерушісі: «Былтыр 11 оператор шақыртуларды қабылдайтын. Биыл олардың саны 19-ға дейін жеткізіліді . Және жаңа жылдан бастап «Көмек» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге көштік».

Бүгінгі таңда шақыртулар бойынша 19 бекеттегі 81 бригада қалалықтарға қызмет көрсетеді. Дәрігерлердің есебі бойынша, Шымкенттің аумағына көрші аудандардан қосылған аудандардың аумағы мен халық санын ескергенде, қажеттілік 100 бригададан асады. Барымен амалдап жүрген жедел жәрдем көрсетушілердің жолын аты жоқ көшелерді табу тағы байлайды.

Жедел жәрдем үйіңізді тез тауып келсін десеңіз, көшеңіздің атауы мен нөмірін жазып қойыңыз. Ең дұрысы, дәрігерге дер кезінде қаралып, жылына екі рет тексеруден өтіп тұрыңыз. Яғни, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген абзал.
Шынар Оразова