ҚР Премьер Министрі ОҚО-дағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен танысты

533

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы АӨК дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуымен және инновациялық технологияларды қолданатын шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Үкімет басшысы алдымен Келес» ЖШС-нің пленка және көшет қондыруға арналған ыдыс шығаратын өндірістік цехында болды. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңгені құраса, оның 23 млн. теңгесі несиеге алынған. Іске қосылғанына бір-ақ ай болған цехта жылыжайға арналған жабдықтар шығарылады.

«КелесПласт» ЖШС директоры Н. Омаров премьер-министрді өндіріс процесімен таныстырып, өнімдер сұрыпталымын — соңғы шыққан өңдеу технологияларының көмегімен пайдаланылған материалдардан жасалған жіптер мен полиэтиленді жабындарды көрсетті.

Оның айтуынша, шикізат шаруашылық субъектілерінен сатып алынады, ал дайын өнімдер ауыл шаруашылығының әр түрлі салаларында қолданылады және ішкі нарық қажеттіліктерінің 100 пайыз қамтиды. Бұдан өзге, қалдықтар мен полиэтиленді қайта өңдеу ауданның экологиясына оң әсер етеді.

Мұнан соң, Үкімет басшысы Сарыағаш ауданында орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Бұл қожалық жабық топырақ жағдайында сапалы қызанақ сортын жыл мезгілінің күзгі-қысқы және ерте көктемгі уақытта заманауи технологияны пайдалана отырып өндіретін шаруашылық болып табылады. 2009 жылы құрылған қожалықта бүгінге 20 гектар суармалы жері бар. Жобаның құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 2250 тонна қызанақ пен қияр өнімдері өндіріледі. Өндірілген өнімнің 60 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 40 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады.

Бүгінде облыстағы жылыжайдың жалпы көлемі 1 325 гектарды құрайды. Оның 95,5 гектары өнеркәсіптік, 1229,1 гектары фермерлік жылыжай саналады. Қазіргі таңда еліміздегі барлық жылыжайлардың 80 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. 2017 жылы өңірде 201,7 гектар жаңа жылыжай пайдалануға берілсе, оның 72 гектары Сарыағаш ауданында орналасқан. Өткен жылы өңірдегі жылыжайлардан 174 мың тонна көкөніс өнімдері алынған. Яғни былтыр 104,4 мың тонна қияр, 69,6 мың тонна қызанақ өндірілген. Биыл облыста жалпы ауданы 214 гектар болатын жаңа жылыжай кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сарыағаш ауданындағы кәсіпорындарды тексеру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа Президенттің тапсырмаларын орындау аясында қабылданған шаралар туралы баяндады. Елбасының соңғы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау мақсатында жұмыс еселей түсуді ескертті.

Үкімет басы сапар барысында «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің тұқымбағына аялдады. Шаруа қожалығының басшысы Танабай Шынтасов Бақытжан Сағынтаевқа суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы туралы әңгімелеп берді. 2002 жылы құрылған бұл шаруашылықтағы суармалы жер көлемі 96,5 гектарды құрайды. Мұнда бүгінде 200 мың дана жеміс пен 700 мың дана жүзім көшеті және элиталық декоративтік ағаш көшеттері өсірілуде. Өндірілген өнімнің 60 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 40 пайызы Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда.

Жылына 100 млн теңгегінің өнімін өндіретін қожалықта 48 адам жұмыспен қамтылған.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Сарыағаш жер сыйы» көшеттерді өсіру тәлімбағын аралағаннан кейін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, экспорттық әлеует, субсидиялау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестициялар тарту, АӨК-ті технологиялық жаңғырту, етті мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені перспективалық болашаққа ие екенін атап өтті. Еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі аграрлық экспорттық өнімдер шығаратын ірі өндірушілердің бірі бола алады. Осы мақсатта Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, ветеринариялық қызметтің бағыныштылығын қалпына келтіруді, бизнестің ғылыми зерттеулерге қатысуын ынталандыруды, өнім дайындау ұйымдарын субсидиялауды қарастыратын заң жобасы ұсынылды. Қазіргі таңда экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың пайдасы үшін субсидиялау саясаты қайта қаралу үстінде.

Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші әлеуметтік бастамасы аясында аграрлық қызметкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Шағын несие беруді қаржыландыруға 20 млрд теңге бағытталды. Бұл өз бизнесін бастауды көздеп жүрген азаматтарға ұсынылатын үлкен қолдау болмақ.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен Мемлекет басшысының «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасын іске асыру барысы мен фермерлердің мүмкіндіктері туралы баяндады.
Сондай-ақ, талқылау барысында «Ордабасы құс» ЖШС директоры М. Тағаев, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры Т. Шыңтасов, «Нұралы жол» шаруа қожалығының төрағасы Е. Ералиев, Жылыжайлар қауымдастығының төрағасы М. Снабаев өз пікірлерін білдірді.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі қарастыратын болады.

Мұнан соң, Үкімет басшысы «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Бекет күніне 25 мыңға жуық жолаушы мен 100-ге жуық транспортты өткізуге қауқарлы. Кеден бекетінде келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Облыс орталығынан 105 шақырым қашықтықта орналасқан бекетте бүгінде 65 адам жұмыс істейді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі