Үшінші мегаполисте топырақ жол болмайды

644

Қаланың шеткі аумағын айтпай-ақ қояйық, орталық көшелердің тақтайдай теп-тегіс болуы шымкенттіктер үшін арман. Қаланы қақ жарып өтетін Тәуке хан даңғылы 6 жылда үш рет жөнделді. Алайда шұңқыр тесігі әлі де көп.

Көлік кептелісі жиі орын алатын А.Байтұрсынов көшесінде былтыр жылу құбырлары жүргізілді. Артынша қазылған шұңқырды жауып, жөндеген-сымақ болды. Мердігерлердің мардымсыз тірлігі бір маусым өтпей жатып -ақ әшкереленді. Бүгінде қазаншұңқырлар пайда болды. Көліктің доңғалағы түсіп кетсе, шыға алмайтындай ойдым-ойдым ойықтар көп. Жүргізушілер лажы болса өзге көшемен айналып өтуді қолай көреді. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа қайта айналып соқпасқа еш әддіміз жоқ. Сонымен….

Жоспарлы жұмыстар көп… Ал нәтиже…

Былтыр А.Байтұрсынов көшесін қайта құрылымдаудан өткізіп, төрт жолақты көше етіп кеңейту жұмыстары жоспарланған. Алайда алдымен жылу құбырларын жүргізіп алуды қолай көрген болар, бұл жоспардың аяғы құрдымға кеткен-ді. Жылу құбырлары тартылуын тартылды-ау. Артында «сайраған ізі» қалды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің автомобиль жодары секторының меңгерушісі Қайрат Байгелдиев: «А.Байтұрсынов көшесін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған болатын. Алайда жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарына байланысты бұл жұмыс тоқтатылды. Жылу жүйелері жүргізілгеннен кейін жол жабынында отырулар пайда болған. Аталған ақауларды жылу жүйелерін жүргізген мекеме қайта қалпына келтіреді. Жылу жүйелерін жүргізу жұмыстарының тапсырыс берушісі – қалалық тұрғын үй коммуналды-шаруашылық бөлімі. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін Байтұрсынов көшесін қайта құру үшін қаржы бөлуге ұсыныс беріледі»,-дейді.

А.Байтұрсынов көшесінің «жыры» бітпейтін болды. Мердігер мекеме тарапынан әзірге қимыл-қозғалыс байқалмайды. Олар «іске кірісеміз» дегенше шұңқырлар үңгірге айналар түрі бар…
Хош, сонымен…

Биыл қаладағы бірнеше көшеге күрделі жөндеу, орташа жөндеу, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр қаладағы көшелерді жөндеуге 13 млрд теңге бөлінген. Қыруар қаржыға 143 шақырым жол жөнделді. Олардың бүгінгі ахуалы туралы білмек болғанбыз. Бөлім мамандары жолдың қазіргі жағдайына зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Анықталған ақаулар пайда болған нысандарды мердігер мекемелер кепілдеме негізінде қайта қалпына келтіреді екен. Құрылыс, күрделі жөндеу, қайта жаңарту жұмыстарының кепілдеме мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін. Орташа жөндеу жұмыстардың кепілдеме мерзімі 3 жыл. Яғни, 3 жыл бойы пайда болған ақауларды мердігер мекеме өзі жөндейді.

Жаңа технологиямын жөнделеді

Қаладағы біршама көшені жөндеу жұмыстары былтыр басталып, биылға өтпелі болған. Ол – Ұ. Арғынбеков көшесінің жалғасы Сыпырған ата көшесіне дейін, Н. Төреқұлов көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Тассайдағы Тәуке хан көшесі, Астана даңғылының жалғасы, «Бекжан» базары маңындағы жолайырығы биыл жалғасын табады. Ішкі орам көшелерінің ішінде 95 шақырымдық 38 көше 2018 жылға өтпелі екен. Оның жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайды.

Жібек жолы көшесін қайта жаңарту жұмыстары өткен жылы басталды. Жол негізі мен мен асфальт қабатының астыңғы қабаты төселген. Биыл асфальттың үстіңгі қабатын төсеу және жарық шамдар орнату, жолаяқтарды толық аяқтау жұмыстары тұр.
Биыл қала көшелерін жөндеуге 10 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Әлеуетті өнім беруші анықталған соң жұмыстар басталады. Қаладағы 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Ірі магистральды көшелер, яғни, Сайрам көшесі жөндеуден өтеді, биыл. Тағы бір жаңалық аталған көше жаңа технология әдісімен жөнделмек. Оны «Иссайклер» атты арнайы техника жасайды. Асфальт жамылғысын ұнтақтап, майдалап жолдың негізіне топырақ араластырылады. Топыраққа нығайтқыш қосылып жолдың негізі мықты, төзімді болады. Сайрам көшесінен ауыр жүк көліктерінің көп жүруіне байланысты ақаулар пайда болған. Болашақта осындай ақаулар орын алмауы үшін сол әдіспен жөндеу қаралып отыр екен.

Биыл жөнделетін көшелер:
Дамба көшесі, Ынтымақ шағынауданындағы Р. Қошқарбаев, Қайтпас – 1- дегі Б. Ақынов көшесінің жалғасы, Арал көшесі, Сапақ датқа, 112 орамдағы 9 қаңтар, Сайрам тұрғын алабындағы А. Шерматов көшесі, Айқап ш/а Береке, Салтыков- Щедрин, Герцен, Дарвин, Подгорный, Б.Майлин, Жұмабеков, Челюскиншілер, Қызыл жар ш/а Теректі, Қаратал, Забадамдағы Нұр шашу, Қызыл жардағы Қаратал, Еламан ш/а №126 мектепке баратын жол.

Солтүстік Батыс шағынауданындағы Талас көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі. Мердігер мекеме анықталды. Биыл жазда бітеді деегн жоспар бар. Мамандар Солтүстік-Батыс шағынауданын зерттеген. Ол жерлерге әлі коммуникация жүйелері жүргізілмеген. Алдағы уақытта орташа жөндеу жұмыстары қарастырылады. 100 көшеге орташа жөндеуге сметалық жобалық құжаты дайын. Осы наурыз айында қалалық мәслихаттың сессиясы болады. Сол кезде бюджетке өтінім беріледі.

Қайрат Байгелдиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің автомобиль жолдары секторының меңгерушісі: «Шымкент қаласы әкімінің арнайы тапсырмасына сәйкес қаладағы топырақ жолдарға тас төсеу жұмыстары қарастырылуда. Ол жұмыстарға қосымша қаржы бөлу үшін бюджетке өтінім берілді. Тағы да мектепке баратын жолдарға жолаяқ салу қарастырылуда. Сметалық құжаттамалық жобасы дайындалып бюджетке өтінім берілмек…»

Гүлжан ЖҰМАШ