Ұлттық жаңғыру мерекесі

566

Бәйдібек ауданы Шаян ауылындағы «Тәуелсіздік» алаңында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі аталып өтті. Алаңда қаз-қатар ақшаңқай болып киіз үйлер тігіліп, қазандарында ас пісіріліп, аудан тұрғындарына наурыз көжелер таратылып, бірін-бір қонақ асына шақырды.

Орталық алаңда орнатылған сахнада салтанатты шара басталып, аудандық мәдениет үйі мен аудандық саз мектебінің өнерпаздары келін түсіру қойылымымен басталып, жаңадан түскен келінге шашу шашылды.

Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар саланың қызметкерлері аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды.
Мереке аясында қазақтың ұлттық ойындары арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру спорттарынан жарыстар өтті. Мерекелік шараны тамашалуға келгендер ұлттық киімдерін киіп бір-бірімен төс-қағыстырып, құттықтады.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен аудан орталығындағы мектеп оқушылары өздерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды.