«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға триллион теңге тартылады

894

«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға триллион теңге тартылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды inform.kz

Мемлекет басшысының атап өтуінше, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет. «Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек.

Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет», – деді Елбасы.  Қазақстан Президентінің пайымынша, бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады. «Бұған қоса, экономиканың шағын және орта бизнестің өсуіне жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары құрылады.

Мен әр уақытта да Қазақстан үшін құрылыс, әсіресе тұрғын үй құрылысы өте үлкен мультипликативті әсері бар екендігін айтып келемін. Тұрғын  үй құрылысы – бұл  құрылыс материалдары, металдар, жиһаздар. Сіздер мұның барлығын білесіздер. Яғни, мұның төңірегінде бизнестің басым бөлігі дамып, жалпы экономикамыздың өсіміне әкеледі. Ең бастысы біздің көптеген азаматтарымыздың, әсіресе жас отбасылардың арманы шындыққа айналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бағдарламаны жария еткен болатын.