Кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөлісті

622

Бүгін облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында табысты жас кәсіпкерлер «Praxis» ЖШС директоры Азиз Есжанов пен «UX Group» ЖШС директоры Ұлан Қуандықов болашақ кәсіпкерлер үшін шеберлік сабағын өткізді.

Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов ашып, жүргізген жиынға этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен кәсіптік мамандықты игеріп жатқан студенттер қатысты.

Басқосуда тіл үйрету орталықтары мен ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету бағытында табысты жұмыс істеп келе жатқан қос кәсіпкер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жетістікке жетудің жолдары жайлы ашық әңгіме өрбітті. Елімізде бизнеспен айналысамын деген адамға ешқандай кедергі жоқтығын айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.

Айта кету керек, бұл іс-шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белгілі бір кәсіпке маманданған ҚХА мүшелерінің үздік іс-тәжірибелерін өзгелерге үйрету арқылы тұрғындар арасында кәсіпкерліктің өріс алуына жағдай жасауды көздейтін «Әр ұлттың бренді» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба аясында мұндай іс-шаралар алдағы уақытта әр апта сайын ұйымдастырылады.