Суды техникамен сорғытып алатын көшелер санаулы ғана…

491

Демалыс күндері жауған нөсер жауын қала тұрғындарын әбігерге сала қоймапты. Төтеншеліктердің мәліметінше, тек Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысындағы бірнеше үйдің ауласына су кірген. Бүгін осы көшенің тұрғындары сала мамандарынан көмек сұраған.

Шымкенттегі Амангелді көшесі. жауын-шашын болса, тұрғындардан маза кетеді. Себебі, жиналған су кететін жер жоқ. Биыл көктемде осындағы бірнеше үйдің аулаларын су алып, мұндағылар біраз әбігерге түсті. Тәулік бойы сумен арпалысқан ағайынның айтуынша, қара су тізеден келген күндер де болды. Онсыз да құлағалы тұрған ескі үйдің шатыры опырылып қалған. Төтеншеліктер мен “ЛТД Тұрмыс” мекемесінің техникаларымен ғана суды сорғызып құтылдық, дейді тұрғындар.

Көше тұрғындарының айтуынша, өткен жылы осы келеңсіздікті түбегейлі жою қолға алынған. Ұзындығы 240 метр ирригациялық арықтар салынған. Дегенмен, судың мөлшері көбейгенде арыққа симай, су көшені басып қалады. Одан тағы да тұрғындар зардап шегеді. Себебі де анықталған – Бәйдібек би көшесінің астынан өткізілген құбырдың су көлемі көбейсе, өткізуге қауқарсыз.

Қ. Төлеметов көшесіндегі бүкіл жауын суы лоток арқылы осында ағады. Асфалт астындағы құбырдың көлемі 300 мм, оған су симайды бәрі көшеге жайылып, тұрғын үйлер судың астында қалады.

ТҮКШ бөліміндегілер да тұрғындардың сөзін растап отыр. Мамандар өткен жылы жиналған суды Тұлпар жасанды көліне жіберуге әрекеттенген. Бірақ, көлемі үлкен құбыр жүргізу мүмкін болмапты. Жер астында жатқан инженерлік жүйелер оған сай келмейді. Айтқан уәждері осындай. Биыл мұнда қайта зерделеу жұмыстары жүргізіледі деп сендіріп отыр.

Нұрлан БЕКТҰРСЫНОВ, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
“Мамандармен барып көрдік, зерделедік. Енді оның бір жолы ирригациялық лотокты ары қарай созу керек, сонда ғана проблема шешіледі”.

Айта өтейік, Шымкент қаласында өткен жылы осындай су көп жиналатын 15 жерде 3 мың метрге жуық ирригациялық жүйелер жөнделді. Биыл да осы жұмыс жалғасады деген үмітпен отыр. Сала мамандарының айтуынша, қалада жиналған суды техникамен сорып алатын санаулы ғана көше қалыпты.

Нұрлан Күдерұлы