Суретші Мұхтар Бекенов елге есеп берді

1319

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Мұхтар Бекенов елге есеп берді. Өнер иесі бұл жолғы көрмесінде жерлестеріне жүздеген туындысын таныстырып қана қойған жоқ. Бейнелеу өнерінің биігі – ұлттық және өзге танымдық күллі жанрдың ауқым-жасағын жасқанбай, ұсынды.

Өнер иесі ә-дегеннен-ақ, бұл көрмеге жыл бұрынғы және соңғы бояуы да кеппеген картиналарын әкеліпті. Әсіресе, «Қыз алып қашу» атты шығармасын ерекше күй-ықыласпен салғанын баяндады. Автордың айтуынша, бұл еңбек – қос ғашықтың қайталанбайтын сүйіспеншілік сезім-сәтін қаз-қалпында суреттеуімен құнды. Әсерді дәлме-дәл дәйектейтін қарым- қабілеті бар өнер иесі бізге бейнелеу өнерінің биігі – ұлттық және күллі жанрға «жан» бітірудегі қасиет-құпиясын айтып берді.

Мұхтар Бекенов, суретші: «Мен сурет салғанда тапсырманы күтіп отырмаймын, шабытқа ерік беремін. Мәселен, әр сәт, әр сағат, тіпті минуттардың өзі – маған муза сыйлайды. Кездейсоқ бір адамды кезіктіріп, жандүниесіне үңілсем, оның ойы мен көзқарасы менің бейнемнің кейіпкері бола алады. Сондай-ақ, қоғамдағы кейбір құбылыс менің назарыма іліксе, соны сөзбен емес, суретпен сөйлетіп, жіліктеп жеткізе аламын. Мұнда бояу ғана емес, еңбектің тарихын зерттеп, бойлаудың да маңызы зор». 

Суреткердің «Қазығұрт оянады», «Біркөлік» еңбектері күнгейдің сұлу табиғатын сипаттаса, «Төбедегі көлеңке», «Ту ұстаушы» секілді бейнелері Алаш арыстарының есімі мен ерлігін суреттеген. Автор бұл көрмесінде жерлестеріне жүздеген тың туындыларын таныстырып қана қойған жоқ. Бейнелеу өнерінің күллі жанрының ауқым-аясын құнттады. Яғни, пейзаждан бастап, портрет , кескіндеме сынды көркем еңбектері көрменің төрінен табылды.Мәдени шараға арнайы келіп, шығармашылығына үңілген көпшіліктің де қарасы қалың. Өнердегі әріптестері мен үзеңгілестері және жас толқын суретшінің кезекті жұмыстарына тәнті болды.16 жасынан сурет салуға қызығып, саланың сырын кәсіби түрде меңгерген Мұхтар Аппазұлы бүгінде 3 000-нан астам тұщымды туындылардың авторы атанып үлгерді. Ал бүгінгі жеке – есеп беру шарасында өз қаламынан шыққан 101 шығармасын ұсынып отыр. Және автор бұл көрмесін алдағы күндері Астана және Алматы қаласының тұрғындарына да таныстырмақ ниетте.