Мақтаралда мал ұрлығына тосқауыл қойылуда

752

Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне және ауыл дертіне айналып отыр. Әсіресе ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлік малмен біте қайнасып жатыр. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы олардың қолындағы бәрін қаққанмен бірдей.

Бүгінгі таңда облыс аумағында мал ұрлығы санатындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында Ішкі істер министрі полиция генерал полковнигі Қ.Қасымовтың «ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2020 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды полиция қызметкерлері басқа да сала өкілдерін тарта отырып атқаруда.

Осының негізінде Мақтарал ауданының аумағында да қарқынды жұмыстар іске асырылуда. Ауданның жергілікті полицейлері жыл басынан бері «Мал ұрлығына тосқауыл!» алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, өткізіп келеді. Аудан аумағында іске асырылып жатқан шара бүгінде нәтижесін көрсеткен. Яғни, аудандағы аптасына бір рет істейтін мал базарларына барып, ондағы құжаттандырылмаған, ен салынбаған, сырғаланбаған малдарды анықтау жұмыстары жүргізіледі.

Мақтарал АІІБ ЖПҚ бастығы полиция подполковнигі Қасымхан Сатыбалдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта малдарды заңдастыру бағытында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр екен. Тіпті кейбір мал иелері малдардың арнайы құжаты болатынын, мал сатқанда және сатып алғанда құжат талап етуді біле бермейтінін айтып өтті. Егер малдың құжаты болмаған жағдайда оның иесі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексімен жауапқа тартылатын болады дейді.

Полицейлер мал базарларына жүргізген іс–шаралары барысында, базар басшылығынан бастап онда келушілерге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе базар басшылығына базарға әкелінген әрбір малдың жеке құжаты болу керектігін, қайдан келгенін, ұсақ малдардың сырғаланғанын қадағалуды қатаң тапсырады. Егер қандай да бір күдікті мал байқалып жатса полиция қызметкерлерін шақыруды ескертеді.

Мақтаралдық полиция қызметкерлері жыл басынан бері базарларда құжатталмаған 18 малды анықтап, олардың иелерін заң шеңберінде жауапқа тартқан.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері мал базарлары жұмыс істейтін күндері ауданға кіретін және шығатын жолдардағы барлық жүк көліктеріне тексеру жұмыстарын жүргізеді. Ондағы арлы-берлі тасмалданып жатқан қара және ұсақ малдардың барлығын да тіреуге алып, құжаттарын тексереді.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ветеринария қызметімен бірлесе аудандағы мал соятын цехтарға бақылау жасау жұмыстарын қолға алған.

Ал жайылымдарда жайылып жүрген малдарды қадағалауды учаскелік инеспекторлар қолға алған. Олар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малдарды көзден таса етпеуді, түнгі уақытта жайылымда қалдырмауды ескертеді. Сондай–ақ учаскелік инспекторлар елдімекендердегі қараусыз жүрген малдарды анықтап, қамау орындарына жеткізіп отырады. Осылайша жан–жақтама атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде мал ұрлығы қылмыстарына тосқауыл қойылуда.

Жыл басынан бері Мақтарал ауданында былтырғы жылмен салыстырғанда есептік кезеңде мал ұрлығы 20 пайызға төмендеген. Бұл полицейлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында алдағы уақыттарда да жұмыстар атқарылатын болады.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы