ОҚО-да халық көп жиналатын барлық нысандарға тексеру жұмыстары жүргізіледі

393

Оңтүстік Қазақстан облысындағы сауда орындарына, жеке кәсіпкерлік және білім беру нысандарына өртке қарсы жай-күйіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізілетін болды. Ресейдің Кемерова қаласындағы ірі сауда – ойын сауық орталығында орын алған өрт оқиғасынан кейін ҚР Бас прокуратурасы Ішкі істер министрлігіне 3 ай мерзімінде халық көп шоғырланатын нысандарда төтенше жағдайға қатысты талаптардың сақталуын қадағалап, тексеріс жүргізуді тапсырған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жинында ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Н.Жүнісов мәлімдеді.

Оның сөзінше, бүгінде Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласындағы бірқатар ірі ойын-сауық сауда орындарында тексеру жұмыстары ғана емес, сонымен қатар өрт – тактикалық оқу – жаттығу жүргізіп үлгерген.

«2018 жылдың І тоқсанында кестеге сәйкес халық көп жиналатын нысандарда 5 оқу жаттығу жиыны өткізілді. Оның ішінде «Shymkent Plaza» және «Mega Planet» сауда ойын – сауық орталықтары бар. Ал, өткен жылы осындай 21 іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында базарлар да қамтылды» – деді Нұрғали Жүнісов.

Айта кетейік, ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағында 13679 жеке кәсіпкерлік нысанды есепке алған. Оның ішінде 1793-і Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жыл сайын тексерілетін тәуекел дәрежесі жоғары топтағы объектілер қатарына кіреді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі