ОҚО-да жасөспірімдер арасында 25 суицид оқиғасы орын алған

764

Жыл басынан бері облыста жасөспірімдер арасында 25 суицид оқиғасы орын алған. Оның 12-сі өліммен аяқталыпты. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау саласының мамандары мәлімдеді.

Жеткіншектердің өз-өзіне қол салу деректері талқыланған жиынға білім, денсаулық сондай-ақ отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармаларының өкілдері арнайы келді. Себебі, бұдан былай жасөспірімдер суицидімен үш ведомство бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласып отыр.

Жасөспірімдер арасындағы суицидпен күресу үшін біздің мамандар қызылордалық әріптестерінің тәжірибесіне сүйенбек. Осыған дейін бір бағытта жұмыс істеп алайда бірлесе күш біріктірмеген тараптар алдымен аутодеструктивті мінез-құлықты балаларды анықтап алмақ.

Сала мамандарының есебіне қарағанда жергілікті мектептерде орташа есеппен 3 мыңдай оқушы білім алады. Алайда, онда жұмыс істейтін психологтар небәрі екеу ғана. Дені сырттай білім алған. Басқарма өкілдері штаттық бірлікті көбейтпесе, кешенді жұмыстан да нәтиже шықпауы мүмкін деп алаңдайды.

Айта кетейік, былтыр жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының 100 – ден аса дерегі тіркеліпті. Оның жартысына жуығы өліммен аяқталған. Ал жыл басынан бері тіркелген 25 суицид деректерінің тең жартысы орны толмас қайғылы оқиғалармен аяқталған. Психологтар зерттей келе өз-өзіне қол жұмсауға себеп болатын 100 -ден аса факторларды анықтапты. Алайда, көп жағдайларда суицид себептері ашылмай қалады дейді мамандар.

Жеткіншектер арасындағы мұндай келеңсіздікті алдын алу үшін үш бірдей басқарма «Жол картасы» жобасы аясында күш біріктіруге уағдаласып отыр. Қоян-қолтық жұмыс істейтін мамандар жеткіншектер арасындағы суицидке тосқауыл қоюға қаншалықты қаурқар таныта алатыны уақыт еншісінде.