«Шатқал» бағдарламасына биыл 600 млн. теңге бөлінбек

496

Екі жыл бұрын қолға алынған «Шатқал» бағдарламасына биыл 600 млн. теңге жұмсалады. Отырғызылған ағаш көшеттерінің саны мен оның жерсінуі оңай шаруа емес. Дарақтар жайқалып өсуі үшін, күтім қажет. Ал бағдарлама жемісін беру үшін жылдар керек.

«Шатқал» бағдарламасы екі жылдан бері қолға алынып келеді. Бүгінде шаһарда 7 шатқал бар, онда 120 мың дана түрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Сала мамандарының айтуынша, соның 90 пайызы жайқалып өсіп келеді. Десе де, қалалық мәслихаттың депутаттары сенімсіздік танытып, жасыл желекті көркейтуге бөлінген 600 млн. теңге қаражаттың қалай жұмсалатынын сұрады.

Депутаттар былтыр егілген ағаштардың басым бөлігінің қурап кеткенін алға тартты.
ТҮКШ бөліміндегілердің айтуынша, егілген көшеттердің 75 пайызы жерсінген жағдайда, ол жақсы көрсеткіш деп есептеледі. Оның үстіне біздегі шатқалдарды күтіп ұстауға барлық жағдай жасалған, өткен жылы 17 тік ұңғыма қазылып, төрт трансформатор орнатылыпты. Сыйымдылығы 25 текше метрлік 26 құты қойылып, 51 шақырым суару жүйелері тартылған. Сондай-ақ, шатқалдың аумағы қоршалған. Биыл да үлкен жұмыс жоспарланған.

ТҮКШ бөлімінің маманы Жандос Оспанов: «10 тік ұңғыма қазамыз, 10 су резеруарын орнатамыз. Шатқалдың айналасын қоршау жұмыстары жүргізіледі», – дейді.

Күн жылынғалы «Шымсая» шатқалындағы жұмыс қыза түскен. Аумағы кеңейтіліп, қоршау жұмыстары жалғасып жатыр. Егілген көшеттерді тамшылатып және бүркіп суару үшін тік ұңғыма қазылуда. Шатқал бағдарламасы жобадағыдай жоспарлы дами берсе, Шымкент нағыз жасыл қалаға айналары сөзсіз.

Нұрлан Күдерұлы