«Шымкент» ӘКК баспана мәселесін шешуге атсалысуда

1097

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы баспана мәселесін шешуге атсалысуда. Жуырда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген «Астана» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 192 пәтердің жартысынан астамы бүгінде өз иелерін тапқан. Тұрғындардың қуанышы еселеп қоныс тойын тойлап жатыр.

Жамбыл облысының тумасы Қуаныш Әбутәліповтің жұмыс бабымен Шымқалаға көшіп келгеніне бірнеше жылдан асыпты. Содан бері жалдамалы пәтерде көшіп-қонып қиналған оның енді су жаңа баспанасы бар. Үш жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болып келген ол осыған дейін пәтер құнының жартысын жинап қойғанын айтады.

Алыстан менмұндалайтын зәулім үйдің құрылысы 2016 жылы басталып, былтыр пайдалануға берілген. «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестор ретінде құрылысқа 1,2 млрд. теңгесін салған «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС-н тартқан.

Жыл бойына жүргізілген құрылыс жұмыстарына 300-ден астам адам тартылған. Бүгінде ел игілігіне берілген модульді құрастырмалы көп қабатты тұрғын үй кешеніндегі 192 пәтердің жартысына жуығын банк салымшылары өзара бөлісіпті. Кең әрі жарық пәтерлер жайлылығы жағынан 2 -ші классқа жатқызылған. Құрылыс компаниясының 5 жылдық кепілдік мерзімі бар.

Заманауи технологиямен салынған үйлердің іргетасына құрылысшылар 50 жыл кепіл беріп отыр. Құрылыстың басы-қасында болған «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері жұмыстар барлық заң талаптарына сай қадағаланды дейді.

1,2,3 бөлмелі пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алуға болады. Бағдарлама аясында пәтерлердің әр шаршы метрі 180 мың теңгеге бағаланып отыр. Займның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5 -10 пайыз арасында. Бағдарламаның ерекшелігі – қолжетімді баға мен валюта курсына тәуелсіздік және ерекше шарттардың жоқтығы дейді мамандар. Қазір банкте пәтерлерге конкурс жарияланып отыр.