Шымкентте қоғамдық көліктегі жолақы бағасына мораторий жарияланды

381
Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктегі билет бағасы туралы мәселеге мораторий жарияланды. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен қоғамдық көлік туралы жиналыста айтылды.

Қазіргі таңда қалалық әкімдік пен жолаушы тасымалдаушы компаниялар арасында жасалған қоғамдық көлік бағыттарында қызмет көрсету келісімшарттары жаңартылуда. Біраз компаниялармен түзілген келісімшарт тоқтатылды. Нақты айтқанда №38, 101, 33, 12а, 134 және 21 бағыттар бойынша мамыр айында конкурс ұйымдастырылады.

Ал 112-орам, Текесу, Алтынтөбе, Ақжайық және Достық-2 тұрғын алаптарына қатынайтын әлеуметтік маңызы бар 10 бағыт бойынша да конкурс мамыр айында ұйымдастырылады.

Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев жолаушы тасымалдаушы компания жетекшілерінен қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы мен санитарлық тазалығының талаптарға сай болуын талап етті. Бұған қоса жүргізушілер мен кондукторлардың бірыңғай киініп, қызметтік мәдениетті сақтауын, қозғалыс кестелерінің кешкі уақыттарда орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жиналыста, сонымен қатар, жауапты мамандарға көлік жүргізушілері жол жүру ережелерін бұзған және басқа да талаптарды орындамаған көлік компанияларымен арадағы келісім-шартты заңға сәйкес бұзуға, шаһардағы көше қиылыстарында интеллектуалды бағдаршам санын арттыруға, сондай-ақ, заңсыз ұйымдастырылған такси тұрақтарын жою туралы тапсырма берілді.

shymkent.gov.kz