Шымкентте адвокаттар жаппай қан тапсырып жатыр

1481

Адамның құқығын қорғаушылар, енді адам жанына да араша түспек. Шымкентте адвокаттар жаппай қан тапсырды. Заң қызметкерлерінің арасында тұрақты донорлар да бар.

«Өзгеге өмір сыйла». Адвокаттар алқасы осындай игі шараға қатысып, денсаулығы сыр бергендерге көмек қолын созды. Жылда өткізілетін бастамаға биыл 30 құқық қорғаушы қатысып, қан тапсырды. Шымкенттік қорғаушылардың айтуынша, қан тапсыру сауап іс, әрі садақа.

Серік Баймұрадов, облыстық адвокаттар алқасының төрағасы: «Біз бір айдың жүзінде қан тапсырып жүрміз. Бірнішіден – донорлық қайырымдылық іс, екіншіден-садақа. Осылайша қан тапсырып тұрсақ, сан мыңдаған адамға ем болар деп ойлаймын. Бір ғана адвокаттық жүйенің жұмысын жүргізу емес, қан тапсырып салауатты өмір салтын ұстап, қайырымдылық жасағымыз келеді».

Облыстық қан орталығында қан мен оның компоненттері жеткілікті дейді осындағы мамандар. Дегенмен, донорлар саны артса, ол – жақсылықтың белгісі. Өйткені қан тапсыру арқылы донор ауру адамға өмір сүру мүмкіндігін сыйлайды.

Cтатистикаға сүйенсек, әрбір үшінші адам өз өмірінде өзге біреудің қанына мұқтаж. Донорлық қан болмаса, көптеген ауруға шалдыққан балалар мен ересектердің өмірін арашалап қалу мүмкін болмас еді. Акция әлі де жалғасады. Сондықтан қан тапсыруға ниетті азаматтар облыстық қан орталығына келіп қан тапсыруларына болады.