Түркістан облысында 113 мыңнан аса адам мемлекеттен берілетін тегін баспана кезегінде тұр. Бұл – республика бойынша тіркелген кезектің 11 пайызы. Өңірде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды нақтылау және деректерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыста мемлекет есебінен берілетін тұрғын үйге сұраныс жоғары. Қазіргі таңда 113 мыңнан астам отбасы баспана алу үшін ресми кезекте тіркелген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі – Түркістан және Сарыағаш қалалары мен Төле би ауданы тұрғындары. Өтініш бергендердің арасында көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтар саны басым.
«Отбасы банктің» облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаевтың айтуынша, тұрғындар үй кезегіне «Өркен Отбасы» порталы арқылы тіркеледі. Кезекті жүргізу, сондай-ақ кредиттік және жалдамалы тұрғын үйлерді бөлу міндеті Отбасы банк мекемесіне жүктелген. Банк мамандары баспанаға мұқтаж азаматтардың цифрлық портретін қалыптастырып, олардың әлеуметтік санаты мен табыс деңгейіне қарай нақты тұрғын үй бағдарламаларын ұсынады.
Түгендеу жұмыстарының мақсаты – тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж азаматтарды нақты анықтау. Тексеруден өтпегендер баспанаға зәру екенін құжат жүзінде дәлелдеуі тиіс. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мекемелерге мемлекеттік тұрғын үйге қатысты жұмыстарды жандандырып, құжаттандыру және бақылау процесін күшейтуді тапсырды.
Ресми мәліметке сәйкес, облыс бойынша 70 мыңға жуық адам түгендеуден өтуі қажет. Қазіргі таңда олардың 33 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж екенін растады. Қалған тұрғындар әлі құжаттарын толық тапсырмаған.
Әсіресе, Арыс қаласы мен Төлеби ауданы, Ордабасы ауданы, Отырар ауданы өңірлерінде түгендеу көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр. Жауапты органдар құжат тапсыру мерзімін жеделдетіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтпек.
Дилара Иса






