Әр ауылдың өз шебері бар

502

Биыл облыста тегін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 7 мыңнан аса адам жұмылдырылатын болады. Осынау мемлекеттік бағдарлама аясында әу баста жұмыспен қамту орталығына екі қолға бір күрек іздеп келген азаматтардың дені бүгінде жеке кәсібін ашқан.

Жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтуда осынау «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысқан тұрғындар да шағын несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Жылыжай жайқалып тұр. Сарыағаштық тұрғын Фахриддин Валиев былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 3 жарым млн. теңгенің шағын несиесін алыпты. Жеңілдетілген шартпен берілген қаражат оған бизнес бастауға сеп болған. «Атия» сұрыпты қызанағын еккен шаруа қазір алыс-жақын шет елдерге тауар жөнелтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Біздің кейіпкер де кезінде орталыққа екі қолға бір күрек іздеп келгендер еді. Сарыағаш ауданы жұмыспен қамту орталығының мамандары жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 350 адамды бизнес бастамаларын оқуға тартып, оның ішінде 9 азаматтың шағын несие алып, кәсібін дөңгелетуіне ықпал етіпті.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу курсына қатысқан Ұлжан Әлиева қазір шаштараз мамандығына машықтанып алған. Бүгінде тұрақты клиенттері шеберді салонға арнайы іздеп келеді. Бастауыш сынып мұғалімі өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, бірнеше жыл бос жүргенін айтады. Қазір ол сүйікті ісінен нәпақа тауып отыр.

Биыл облыста 4800 адам кәсіптік білім алуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 7200 азамат тартылатын болады. Кәсіптік білім алуға жолданғандар техникалық колледждер базасында 2, 2 жарым жыл оқиды. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары 3 -6 ай мерзімге ұйымдастырылған.

Бағдарламада қолөнер шеберлерін қолдауға да аса мән берілген. Ұлттық нақыштағы киім-кешек, тұрмысқа қажетті бұйымдар тігумен айналысатын ісмерлермен қоса ұлттық тағамдар әзірлейтін шеберлер қазір 6 бағыт бойынша білім алуда. Кәсіп ашуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген шағын несиенің көлемі де биыл ұлғайтылып отыр. Жыл соңына дейін қаржылай көмекке 400 -ден аса азамат иек арта алады.