«Туған жерге тағзым!» Облыста алғаш рет рет мектеп бітірушілердің шарасы өтті

650

«Туған жерге тағзым!». Облыста алғаш рет мектеп бітірушілердің шарасы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған бұл жиын үш жүздің басын қосқан Ордабасыда ұйымдастырылды.

Ақ бантик тағып, ақ көйлек киген бітірушілер автобусқа ағылды. Соңғы қоңырау сыңғырын естіп болған соң жаппай Ордабасы ауданын бетке алған бозбалалар мен бойжеткендер облыста алғаш рет шымылдығын түргелі отырған шараға куә болмақ.

«Бірлік» монументіне ағылған көпшіліктің қарасы қалың. Ұрпақтар сабақтастығына жалғау болу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның тап осында өтуінде мән бар. Ордабасы тауы – қазақтың елдігін танытар тұста орда болған, Тәуелсіздіктің туын желбіретер тұста киелі тұғырға айналған атамекен! Ордабасы тауы – қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, еліміздің рухын көтеретін және 1726 жылы қазақ халқының жоңғарлар шапқыншылығы кезінде халықты жұмылдыру мақсатында үш жүздің басын қосып, елді қорғауға жұмылдырылған тарихи орын.

Айта кетейік, «Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы 1993 жылдың 26 мамырында арнайы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен ашылған. Биыл аталған қорықтың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осынау атаулы датаға орай ұйымдастырылған шара барысында аймақ басшысы мектепті үздік бітірген және республикалық олимпиадалар мен байқауларда өңіріміздің намысын абыроймен қорғаған үздік 10 оқушыны марапаттады.

Жас ұрпақтың туған елге деген патриоттық сезімін арттырып, рухани сананы жаңғыртуға бағытталған мектеп бітірушілерінің салтанатты шарасы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ел мен елдікті әнге қосқан өнерпаздар үлкен өмірге бет бұрған жастарды бір серпілтіп тастады.