Шымкентте «Астана» атты шағынаудан ашылды

557
МИА «Казинформ

Шымкенттіктердің Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнаған тартулар шеруі тоқтамақ емес. Бүгін қала тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеген ерекше оқиға орын алды. Шымкентте «Астана» жаңа шағынауданы ашылды.

Жаңа шағынаудан әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Өз алдына үлкен ауданға айналған бұл аумақта тек көпқабатты тұрғын үйлер салынған. Аспанмен таласа сап түзеген тұрғын үйлердің көші «Пахтакор» шағынауданына барып тұйықталады.

Жаңа шағынауданның салтанатты ашылуына облыс, қала әкімдері қатысып, шағынаудан тұрғындарын арнайы құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Шымкенттегі «астаналықтарға» қолайлы жағдай жасау үшін мұнда шағынауданмен аттас гүлзар да салынған. Жаңа гүлзардың жалпы аумағы 1 гектардан астам.

Мұнда егілген шынар, талшын, қайың ағаштары айналаны әсемдікке бөлеп тұр. Ал қызылды жасылды гүлдер көздің жауын алардай әдемі-ақ. Балалардың ойын алаңқайы да тіптен ерекше. Бұл күні шағынауданда салынған көпқабатты тұрғын үйлерден 15 отбасыға пәтер кілті табысталды.

Жалпы, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында бүгінге дейін ондаған тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы 27 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жақын уақытта мұндағы тұрғындар саны еселеп өспек. Қоныс тойын тойлайтындардың қатары да артқалы отыр.