Тұрғындар мен жергілікті билік арасында дау туындады

467

Қаладағы Гагарин көшесінде орналасқан 112-ші үй тұрғындарынан маза кетті. 1932 жылы салынған үйдің жанынан шаһар басшылығы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға арнап баспана тұрғызуды жоспарлапты. Осындағы жұрттың айтуынша, жаңа үй балалардың ойын алаңшасының орнына салынбақшы. Құрылыс бөліміндегілер болса, ағаш кесіп, құрылыс бастауға заңды құжаттар дайын деп отыр.

Жолдарының астан-кестеңі шығып, ағаштары қырқылып жатқан бұл ауланың аумағы 16 соттық. Қала басшылары бұл жерге 40 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй тұрғызуды жоспарлап қойған. Әкімдіктің жауапты мамандары оған жобалық сметалық құжаттардың да жасалғанын айтады. Тіпті, сараптаманың қорытындысы да дайын. Алайда, шенеуніктердің бұл бастамасы осындағы 80 жыл бұрын тұрғызылған үй тұрғындарының көңілдерінен шықпай тұр.

 

 

Бізге белгілі болғанындай, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылары үшін баспана тұрғызуды көздеген жергілікті билік бюджеттен 400 млн. теңге қаражат бөлген. Биыл мердігер компания сол қаржының 1 млн. теңгесін игеруі тиіс. Нақты тапсырмасы бар құрылысшылар 30-40 жылдық ағаштарды аяусыз қырқып жатыр. Тұрғындар соған ашынады. Құрылыс бөліміндегілер болса, барлығына қажетті құжаттар алынған деп ақталды.

Билік жоспарлаған жаңа үй салынса, мұндағы ескі үй тұрғындарының өз баспанасына кіріп шығуы қиындайды. Осыны алға тартқан шымкенттіктер мұнда құрылыс нормаларының сақталмай жатқанына наразы.

Тиісті нормаларға сәйкес, әр көпқабатты үйдің ара қашықтығы 25 метрден кем болмауы тиіс. Осылай деген тұрғындар өз шағымдарын облыс прокуратурасына жолдады. Олар екі тараптың арасындағы түсініспеушілік шешілмейінше, өз қолдарымен отырғызылған ағаштардың кесілмеуін талап етуде. Ал соңғы нүктенің қашан және қалай қойылары әзірге белгісіз.

Нұрлан Күдерұлы