Қызылордадан Ташкентке автобус қатынамақ

469

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе отырып күні кеше жаңа халықаралық автобус рейсін іске қосты. Енді Ташкент-Қызылорда-Ташкент бағытындағы автобустар қатынамақ. Шымкент-Ташкент бағытындағы автобустар бүгінде екі ел арасында жолаушы тасымалдауға кіріскеніне де аз уақыт болған жоқ. Бүгінде Шымкенттен көрші ел астанасына жолаушылайтындардың қатары артып келеді.

Қызылорда бағытында 1 бельгиялық Van Hool автобусы жолаушылар тасымалдамақ. Ташкенттен Қызылордаға бағыт алатын автобус 17:00-де шығатын болады. Автобус екі шекара бекетін басып өтеді. Өзбекстандағы «Гишт куприк» және Қазақстан тарапындағы «Жібек жолы» кеден бекетінен өтетін болады.

Жолаушылар көлігінің соңғы тоқтайтын аялдамасы Өзбекстандағы «Ташкент» автовокзалы және Қазақстан тарабындағы «Салтанат» автовокзалы болмақ. Жолаушылар тасымалдаумен Өзбекстаннан UzKaz Auto Trans комапниясы, ал Қазақстаннан Tulpor-Baykonir комапаниясы айналыспақ.

Екі жақты бағыттың ұзақтығы 583 шақырымды құрайды. Ал жету уақыты 10 жарым сағат. Жолақысы 97 мың сом, яғни, 12,42 доллар, ал Қызылордадан Ташкентке жету үшін 3 800 теңге, яғни, 11 долларды құрайды.

Екі қала арасына қатынайтындардың қарасы аз болмайтыны анық. Бүгіннің өзінде алғашқы сапарлаушылар жолға шықты.