Бішкекте қазақстандық суретші Құттыбек Жақыптың жеке көрмесі өтеді

780
baq.kz

Бішкектегі Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнер музейінде қазақстандық суретші Құттыбек Жақыптың көрмесі өтеді. Аталған көрме Ш. Айтыматовтың 90 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды Baq.kz.

ҚР Суретшілер одағының жауапты хатшысы әрі өнертану ғылымдарының кандидаты Жамбыл Натбаев биыл Қазақстан суретшілер одағына 85 жыл толатындығын және мерейтой қарсаңында көптеген істер қолға алынып отырғандығын жеткізді.
«Биыл әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы Қазақстан Суретшілер одағының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне көрші бауырларымызбен мәдени байланысты нығайту мақсатында Бішкекте үлкен көрме өткізгелі отырмыз. Құттыбек Жақып Суретшілер одағының мүшесі әрі елімізге танымал суретші. Оның «Атамекен» атты габиленін 2015 жылы Елбасы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға сыйлаған болатын», -дейді ол.

Ж. Натбаевтың айтуынша, суретшінің «Ұлы дала әуені» атты көрмесі 7 тамыз күні басталады. Суретшіні қолдауға Шымкенттен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық кітапхана келіп, өздерінің соңғы шыққан кітаптарының көрмесін ұйымдастырмақ. Сонымен қатар осы қаланың филормония әншілері де қолдау ретінде өз өнерлерін паш етпек.

Жақып Кұттыбектың еңбектері Мәскеу қаласындағы Шығыс мемлекеттік музейінде, Түркіменстан бейнелеу өнері музейінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде, Түркия мемлекеттік өнер және мүсін музейінде, Қазақстан Республикасы Ұлтық музейінде сақтаулы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік сарайы және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Көркемсурет көрмелер дирекциясында, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде,ТМД және шетел галереяларының меншігінде де орын алған.

Суретші Арал қаласындағы «Арал» кинотеатрының хас бетіндегі «Арал елі» монументальды мозаикалық шығармасының авторы. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгер қаласындағы жолаушыларды тасымалдау мекемесінде «Автомобилист» монументальды қолтаңбалы безендіру жұмысын орындаған. Шымкент қаласындағы «Қапал Батыр» ескерткішінің авторлық жобалау тобының мүшесі.

Құттыбек Тыныбекұлы Жақып 1961 жылы 1 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Аққұм ауылында кенші отбасында дүниеге келген. 1987 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі.

Қазақстанның қолданбалы өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының «Үздік шығармашылығы үшін» медалімен, Евразия Дизайнерлер одағының «Дизайнының өркендеуіне еңбек сіңгіргені үшін» медалімен марапатталған.

Бұған дейін елімізде суретшінің «Жаңғырық», «Ғасырлар үні», «Дала аңызы» атты жеке шығармашылық көрмелері өткен.

Әділет МҰСАХАЕВ