Профессор Х.Әбжанов Түркістан облысының әкіміне XV ғасырда салынған картаның көшірмесін сыйға тартты

658

Кеше Түркістан қаласын дамыту жөніндегі алқалы жиында ерекше оқиға болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа Ұлы Жібек Жолының картасын салтанатты түрде тапсырды.
Бұл құжат XV ғасырда салынған.

Картаның тарихы туралы Х.Әбжанов «Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыдағы ғылым академиясында тарихқа қатысты үлкен жиын өтті. Оған Қытайдағы Бейжің университетінің профессоры Линь Мэйцунь де қатысты. Біздің тарихымызды тыңдап, арнайы шақырғанымызға риза болған ол сонау XV ғасырда басылған картаның көшірмесін сыйға тартты. Әлемде бұл картаның көшірмелері бір қолдың саусағының санына да жетпейді.

Ал, түпнұсқасы Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Оның құны – 20 миллион АҚШ доллары. Қытай профессоры өзіндегі екі көшірменің біреуін бізге сыйлады. Картада Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі қалалар мен өзендер белгіленген. Ішінде Түркістан қаласы да бар. Болашақта Түркістан облысының орталығы – Түркістанда үлкен музей салынатынын естідім. Сондықтан осы аса құнды жәдігерді Түркістандағы музейге тапсыруды жөн деп таптым», — деді.

Құнды жәдігерді қабылдап алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бұл карта мұражайымыздың төрінде тұрады. Түркістан қаласы туралы жәдігерлер мен археологиялық байлықтар болса бізге әкеліп тапсырыңыздар. Мұражайға қояйық. Ел көрсін. Тарихымен таныссын» дей келе профессорға ризашылығын білдірді.
Құнды жәдігердің қазақ тарихындағы маңыздылығына тоқталған Ханкелді Әбжанов «Қытай профессоры Линь Мэйцунь жаңағы карта туралы арнайы еңбек жазған.

Өзіміздің бауырымыз, белгілі тарихшы, профессор Нұрлан Кенжеахмет те осы картаны терең зерттеп, кітап жазып қойды. Өйткені, ол түркі тіліндегі жер-су аттарын жақсы біледі. Соларды атап көрсете білді. Әттеген-айы, құнды еңбегін баспадан шығара алмай жүр. Қазір қолжазба күйінде тұр», — деп, маңызды мәселені айтты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кітапты жарыққа шығаруға қолдау көрсететініне уәде беріп, профессорды қабылдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі