Шетелдік дәрігерлер Сайрам ауданында тегін медициналық қызмет көрсетуде

774

«Руханият әлемі» қоғамдық бірлестігі қайырымдылық шараларына ұйытқы болып жүрген қордың бірі. Бұл жолы медициналық бағыт бойынша көмек қолын созбақты құп көріпті. Әлемнің алпауыт елдерінен келген дәрігерлер Сайрам ауданында халыққа тегін медициналық қызмет көрсетіп, дәрі -дәрмек, көзілдіріктерді сыйға таратты.

Сайрам ауданына табан тіреген 42 білікті дәрігер Англия, АҚШ, Малайзия, Германия сынды медицинасы мықты дамыған елдерден келген. Аудандағы Сайрам, Қара мұрт, Қарабұлақ, Ақсукент ауылдарындағы емханаларда қабылдау жүргізуде. Сайрам ауданының таңдалып алынуы да тегін емес. Мұнда халық тығыз қоныстанған әрі балалар арасында туабітті ақаумен дүние есігін ашқан сәбилер көп.

Васанти Паталь, педиатр: «Мен педиатрмын, осы саладағы тәжірибем 28 жыл. Қазақстанға бірінші рет келуім. Бұл жерде сал ауруымен, Даун синдромымен ауыратын балалар көп екен. Көбіне ата-аналармен сөйлесеміз. Физиотерапия қабылдап, ем жасалынады».

Қарамұрт ауылының тұрғыны Мухаббат Омарова шетелден мықты мамандар келді деген соң немересін жетектей жетіпті. Асқазаны ауыратын болғандықтан бірнеше мәрте дәрігерге де қаратқан. Енді мұхит асып келген мамандардан бір көмек боларынан үмітті.

Мухаббат Омарова, Қарамұрт ауылының тұрғыны: «Шетелден мамандар келді деген соң қаратуға келдім. Медбикелеріміз хабарлап айтты».

Қалдыбай Ыдырысов, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен қолға алынған жоба. Бүгінгі таңға іс шараға қатысып медициналық көмек көрсетуге әлемнің 12 елден, 42 маман келіп отыр. Оның 29-ы алыс шетелдерден болса, 13-і ТМД елдерінен».

 

Тұрғындарға онколог, педиатр, ревматолог, стоматолог, офталмолог, терапевт, гастроэнтеролог кеңестерін беріп, қызмет көрсетті. Білікті мамандардың көмегіне жүгінбекті құп көргендердің қарасы қалың. 24 маусымнан бері халыққа тегін медициналық қызмет көрсетіп жатқан топ 700-ден астам пациентті қарап үлгеріпті. Шетелдік білікті дәрігерлер белгіленген аумақты қамтыған соң 4-6 маусым аралығында №12 Шымкент қалалық емханада қабылдау жүргізетін болады.