Шымкент пен Астана қалаларының іскерлік байланысы дамиды

373
shymkent.gov.kz/

28 шілде күні Шымкенттегі Астана күндері басталды. Елорданың 20 жылдығына арналған іс-шара аясында қаламызға Астанадан іскерлік делегация келді. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысқан делегация мүшелері одан кейін «Астана – Шымкент өңіраралық байланысы» бизнес-форумына қатысты.

Қалалық әкімдікте өткен жиында астаналық қонақтар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты. Форум аясында іскерлік топтар мен даму институттары, мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға арналған аймақтық бағдарламаларды, инвестициялық мүмкіндіктер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын, Smart City концепциясын, экономиканы цифрландыруға қатысты инновациялық шешімдер мен қызмет көрсету саласының дамуы, бизнесті дамытудағы цифрлы маркетингтің маңызын талқылады.

Кездесу қорытындысында өңіраралық әріптестікті дамытуға байланысты келісімдер жасалды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Д.Жумин астаналық қонақтарға өңіраралық байланысты дамытуға белсенді үлес қосқандары үшін алғыс айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

shymkent.gov.kz