Түркістанға көшетін қызметкерлердің жалақысы өседі

530
ontustik.gov.kz

Кеше Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты облыс әкімі аппараты мен облыстық басқармалардың қызметкерлерімен кездесті. Жиында әкім Түркістан қаласының даму жоспарымен бөлісіп, көшіп баратын қызметкерлерге заң талаптары шеңберінде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулардың түрлеріне түсіндірме беріп өтті.

Әкімнің айтуынша, Түркістан қаласына көшіп баратын мемлекеттік қызметкердің еңбек ақысына 20 пайыз қосылып, жұмыс кезеңі үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 30 күнге қосымша экологиялық күнтізбелік 7 күн мерзімінде сауықтыру демалысы берілетін болады. Сонымен қатар, еңбек демалысын берумен бірге жыл сайын сауықтыруға арналған төлемдердің үстіне бір айлық көрсеткіш көлемінде материалдық көмек беріледі. Осылайша мемқызметкер еңбек демалысы кезінде жалпы 3 материалдық айлық ақы алатын болады.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы облыс орталығына көшіп баратын қызметкерлерге жалдамалы уақытша тұратын Түркістан, Кентау қалаларынан пәтерлер мен қонақ үйлердің, жатақханалардың тізбесі анықталып, жұмыстардың жалғасып жатқандығына тоқталып өтті.

«Бұл үйлерді жалдап тұруда республикалық бюджеттен әр қызметкерге ай сайын 81 600 теңгеден жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, келісімшарт негізде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлер де жатақханалармен қамтылатын болады. Және де,  Елбасының халыққа үндеуінің бірінші бағыты «7-20-25» бағдарламасы аясында осы жылы Түркістан қаласында жеке салушылар есебінен 6 көпқабатты тұрғын үй, яғни, 15,6 мың шаршы метр болатын 288 пәтердің  құрылысы басталған. 2019 жылы құрылысы бітіп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, сондықтан да жас мемлекеттік қызметкерлерді осы бағдарламаға қатысуға шақырамын»,-деді Ж.Түймебаев.

Алдағы 1,5 жыл ішінде барлық қызметкерлер қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілетіндігін айтқан өңір басшысы еңбек өтілі 10 жылдан жоғары, меншігінде пәтер тіркелмеген жағдайда, тиісті Ережеге сәйкес қызметкерлерге қалдық соммасымен қызметтік пәтерлерді жеке меншікке беру мәселесі арнайы комиссияда қарастырылатындығын хабарлады.

Жиын барысында мәлім болғандай 2019 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне пилоттық режим енгізілмек. Бұл жұмыс сапасы мен нәтижесіне қарай қызметкерлердің айлық жалақысы 1,5 мен 2,5 есеге дейін көтеріледі деген сөз.

ontustik.gov.kz