Түркістан облысының «Құлагер» командасы көкпардан Қазақстан чемпионы атанды

873
inform.kz

Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Жамбыл облысының «Әулие-Ата» командасын ұтқан Түркістан облысының «Құлагер» командасы 18-ші мәрте өткен көкпардан республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойын басталысымен финал тартысты басталды. Республика бойынша 15 команданың ішінде сытылып шыққан ең мықты екі команданың ойынының тартысты болуы да заңды. 20 минуттық алғашқы кезеңнің соңына дейін есеп екі де екі болып тұрған.

Алайда түркістандық көкпаршылар алғашқы кезеңнің аяқталуына бар-жоғы 50 секунд қалғанда қарсыластардың қазандықтарына бір салым салып үлгерді. Финалдың екінші кезеңі де тартысты өтті. Жасындай жарқыраған жамбылдықтар бірнеше қауіпті шабуыл жасап көргенімен, түркістандықтар алдырған жоқ. Тіпті екінші кезеңнің 7 минутында серкемен сытылып шыққан түркістандық көкпаршының бірі есепті 4:2-ге жеткізді.

Ойынның аяқталуына 35 секунд қалғанда, «Әуле-Ата» есеп айырмасын қысқартып, 4:3-ке жеткізгенімен, қалған санаулы секундтардың ішінде есепті теңестіре алмады. Айта кетсек, көкпардан «Қазанат» атшабарында көкпардан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының жартылай финалында қола жүлдесін Маңғыстау облысынан келген «Адай ата» командасы мен Қызылорда өңірінің «Сейхун» командасы сарапқа салған болатын. Жартылай финалдың қорытындысы бойынша маңғыстаулықтар жеңіске жеткен еді.