Түркістанда «Ұлттық домбыра күні» аталып өтті

1073
Мадина Сабыр

Елбасы Н.Ә. Назарбаев шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өту туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осы орайда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында 1000 домбырашы және «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен мерекелік іс-шара өтті.

Аталмыш оркестрдің қатысуымен өтетін мерекелік іс-шарада Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», Түркештің «Көңілашар» күйлері және өзге де күйлер мен күй сайыстар ұйымдастырылды.

Осы орайда, қазақтың қасиетті домбырасы жайында сыр шертетін 300-ге жуық жәдігерлерден жасақталған көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қылқалам және қолөнер шеберлерінің гобелень, кілем, майлы бояумен салынған суреттері мен ағаштан түйін түйіп, керамикадан ұлттық аспаптар жайлы түрлі туындыларды жасап шығарған шеберлердің бұйымдары орналастырылды.

Одан бөлек, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында бір мезетте 3000 домбырашының қатысуымен күйлер шеруі өтуде.