Жүргізуші куәлігі 20 мың теңге

513
Фото Kerek-info.kz

«Қазығұрт» шағынауданының тұрғыны өзінің «өнертапқыштығымен» талайларды таңқалдырып отыр. Қаншама жылдық тәжірибесі бар кәсіби шопыр бір ғана қателігінің арқасында жүргізушілік куәлігінен айырылған. Яғни, өзінің көзді жұмып тұрып айдайтын кәнігілігіне сенген болар.

Ішімдікке сылқия тойып алып, рульге отрғанында жол сақшыларының құрығына іліккен. Сот оны 3 жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырған болатын. Алайда ол жаңа жүргізуші куәлігін алып айласын асырғысы келіпті.  Дегенмен  жол күзеткендердің бәрі ақымақ емес. Су жаңа куәлікті қалтаға басып, қала ішіндегі бағыттарды менсінбей, қалааралық бағыттарға иек артыпты. Сонда ұсталмаймын деп ойласа керек.

Шымкент-Алматы бағытындағы автобусты тізгіндеген оны жол сақшылары Сайрам ауданының аумағында қолға түсірді. Ақылман жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот барысында жүргізуші куәлігін мамандандырылған ХҚКО-да белгісіз біреулерден 20 мың теңгеге сатып алдым деп мойындады. Алайда заң білмегенді де заң кешірмейді. Сот кінәліні 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылсын деп үкім шығарды. Дегенмен бұл бұзықтық жасаған баланы басынан сипағандай әрекет емес пе?

А.Бейімбет