Бүгін Мақтаарал ауданында ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиында тамыз айының соңында өтетін «Қауын фест» фестиваліне дайындық жұмыстарының барысы мен мақта шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан басшысы Б.Асанов мақталы өлкеде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан фестивалде ауыл әкімдіктері қауын-қарбыздан жасалған өз өнімдерін жұрт назарына ұсына алатынын хабарлады. Сондай-ақ, көкөністер көрмесі, карвинг пен қауын-қарбыздан әзірленетін тосаптар алаңшасы әзірленіп жатқанын айтты.
«Жазы өте ыстық болатын Мақтаарал ауданын қауынның отаны деуге әбден болады. Былтыр диқандарымыз 600 мың тонна бақша өнімдерін жинаған болатын. Оның басым бөлігі Ресейге және Шығыс Еуропаға экспортталды. Дәмі тіл үйіретін «Мырзашөл» қауындары Ресейде брендке айнала бастады. Енді оның танымалдығын одан әрі арттыру үшін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен «Қауын фест» фестивалі тұңғыш рет ауданымызда өткелі отыр» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұрат Айдарбеков вегетациялық су беру маусымы барысында аудандағы 38 мың гектар мақталық алқаптың 16525 гектары ғана су ішкенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл мақтааралдық шаруалар мақта зиянкестеріне қарсы күресті сәтті жүргізгенін айтып, мақта құртының соңғы ұрпағын жою үшін биотәсіл мен химикаттарды қатар қолдану керектігін бас маман еске салды.
Өз кезегінде аудан әкімі Б.Асанов су беру маусымын толық аяқтау үшін шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ауыл әкімдеріне жүктеді.
«Өзбекстаннан келген суды ең бірінші болып біз пайдаланамыз. Көршілеріміз 2 аптадан кейін су беруді тоқтата бастайды. Ағын су беруші мекеме мен ауыл әкімдері осы мерзімді тиімді пайдаланып шаруаларды ұйымдастыруы керек. Судың басында отырып сусыз қалып кетпейік» — деді Б.Асанов.