Түркістан облысында банкомат тонамақ болған ұрыларға күзетші қарсылық көрсетті

435
ktk.kz

Түркістан облысында қаржы мекемесіне қарулы шабуыл жасалды. Шәуілдір ауылының қазынашылық басқармасына түнделетіп кірген үшеу күзетшіні атып, банкомат тонамақ болған екен. Тек, жалаң қол күзетші қарулы қаскөйлерге қарсылық танытып, арам ойлары жүзеге аспады. Бірақ, өзі жараланып қалды, деп хабарлайды ktk.kz.

Оқиға түнгі сағат 3-тер шамасында Отырар ауданының орталығында орын алды. Банкоматы болғанымен не бақылау камерасы , не қарулы күзеті жоқ мекемеде 34 жастағы қарауыл ғана болған. Артқы есікті бұзып кірген үшеудің бірін сұлатып салған Әділхан Өсерге екіншісі травматикалық қарудан екі рет оқ атыпты. Сөйтіп оқиға орнынан тайып тұрған. Ал, жараланған күзетшіні оны ауыстыруға келген әріптесі таңата ғана байқапты. Жарақаты жеңіл екен. Дәрігерлерге қаралып, қазір тергеушілерге жауап беріп жатыр.

Бір қызығы бұл мекемеде 5 жылдан бері тұрған банкомат ереже бойынша мүлдем болмауы тиіс екен. Енді 28 мың теңге айлық үшін басын қатерге тігіп, қарулы қарақшыларға тойтарыс берген күзетшіні басшылары марапаттаймыз деп отыр. Ал ұрыларды тәртіп сақшылары іздестіріп жатыр.

Бөлебай Әбдіхалықов, күзет мекемесінің өкілі: «Тапанша оң қарнының оң жақ шетіне, кіндіктің тұсына тиген және артқы оң жақ құлағының артқы жағынан оқ жанап өткен ғой. Есікті бұзып кірген бұзық ойлы адамдарға қарсы шығып біріншісін ұрып құлатқан. Сол үшін мен оған рахмет айтам.  Бұл жігітті марапаттау керек бұл ерлігі үшін».