Тұрғын үй қорын сақтап қалу – тұрғындардың қолында

407
Үй төрағалары мен ұй төрайымдары білімдерін жетілдіруде

Пәтерлердегі жылуды үнемдеу және көпқабатты үйлердің шатыры, жертөлесін «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы аясында жөндеу жөнінде көпқабатты үйлердің төрайымдары мен төрағалары мәлімет алып, біліктіліктерін арттыруда.

Арынбай Дәуренбеков үй басқарушысы болып жақында сайланған. «Тұрғын үй ғимараттарында энергия технологияларын қолдану және тиімді басқару» тақырыбында өтіп жатқан семинарға қатысқанына өкінбейді. Көпқабатты үйді күтіп ұстау жөнінде қажетті мағлұматты алды. Енді соларды жүзеге асыруға кіріспек.

Арғынбай Дәуренбеков

Арғынбай Дәуренбеков, Айбергенов көшесіндегі 1 «г» үйінің басқарушысы: «Жақсы семинар өтті. Менің түйгенім, енді жылу есептегіш құрылғысын орнатпасақ болмайды. Мен ай сайын он мың теңгеден астам пәтерімнің жылуына төлеймін. Ал егерде жылу есептегіш құрылғысын орнатсақ екі есе үнемдейді екенбіз. Ал үйде модернизация өткізу біз үшін қымбаттау. Алайда бұл бағытта да жұмыс жасаймыз».

Жылу есептегіш құрылғысының тиімді тұстарынан бөлек, көпқабатты үйдегі шатыр, жертөлесін жөндеу де пәтер иелерінің міндеті. «Алайда көп жағдайларда тұрғындар бұл жауапкершіліктен қашатыны да жасырын емес» дейді сала маманы.

Әбдімәлік Балбаев

Әбдімәлік Балбаев, «Тұрғын үй Шымкент» МКК директоры: «Кондоминиумсыз ештеңе жасауға болмайды. Оны түсінетін кез келді. Пәтер иелері үйді күтіп ұстауы керек. Қажет болса жөндеу жұмыстарын да келісіммен бірге жасауы тиіс».

Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында тұрғындар тозығы жеткен үйлерінің шатырын, жертөлесіндегі ескірген жүйелерді жаңалап алуына толық мүмкіндігі бар. Ол үшін сала маманы кеңес бергендей кондоминиум құру қажет.

Сайланған үй басқарушысы ережеге сәйкес тұрғындардың келісімі негізінде қызметін атқарады. Пәтер иесі көпқабатты үй ортақ меншік екенін түсінгенде ғана ғимаратқа қатысты күтіп ұстау шараларына белсене қатысады. Өкінішке қарай, бүгінде «сен тимесең мен тиме» ұстанымына беріктердің қатары басым.

Шынар Оразова