Арысқа табиғи газ тарту жобасы 2025 жылы аяқталады

656

Бірер жылда Арыс қаласының халқы от жағып, күл шығарудан түгелдей құтылады. Бұған дейін көгілдір отыны болмаған шаһарда алғаш рет газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақдала және Қожатоғай ауылдық округтеріндегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алған. Бұл шаруаларға деп облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінген-ді.

 

Қожатоғай мен Ақдала елдімекендерінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қарқынды. Табиғи газ – «Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» магистральді газ құбыры арқылы тартылмақ. Иә, қазір газ құбырлары тартылып жатыр. Жоспар бойынша, алдағы үш жыл ішінде Арыстың барлық ауылы қатты отыннан құтылуы керек.

Берік Орынбасарұлы, Арыс қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы: » Енді 3 жылға жеткізбей 2-2,5 жылда аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Газ берілу кезеңімен өрбиді, қазір бірінші – Арыс қаласы, Онтам және Сырдария елді мекендеріне 3 кезекте бірдей қосамыз деген ойбар. Елу мың халық қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, 12 мың тұрғын үй бар. Үйлерге газ кіргізу бойынша, біз бірінші көшедегі ортақ сымды тартып аламыз. Содан кейін, «ҚазТрансГаз» мекемесі мен әкімшіліктің келісімімен арнайы фирмалар бар. Солар тартады».

Арыс шаһарын газдандыру – кезең-кезеңімен атқарылатын тірлік. Қыруар қаржы қаралып та отыр. Былтыр облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз мердігерлер анықталған. Жауаптылар қалаға қарасты 26 елді мекенді 3-ке бөліп, әр аймаққа бөлек мердігер тағайындапты. Осылайша, тұрғындарды газбен қамту жолдарын жеделдетпек. Аймақ басшысының айтуынша, енді қосылатын көгілдір отынның бағасы да жұртышылықтың қалтасына тиімді болмақ.

Айта өтейік, Арыс қаласында жалпы 74 мың халық тұрады. Жыл санап тұрғындар санының өсуіне байланысты, комиуналдық қажеттіліктер де артып келеді. Қала әкімдігінің бүгінде жол, су, газ мәсәлелерін біртіндеп шешіп жатқаны қуантады. Ал арыстықтарды толығымен газдандыру – 2025 жылға дейін аяқталмақ.